Биыл Алматыда 10 мыңнан астам орынға арналған 82 балабақша мен 48 мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қала активі отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы 10 жылда 120 мыңнан астам балаға 25 мың орын пайдалануға берілсе, мектеп жасына дейінгі 80 мыңға жуық бала үшін балабақшаларда барлығы 28 мың жаңа орын құрылған. Мегаполисте мектептен тыс тегін біліммен қамту үшін Алатау мен Наурызбай аудандарында 2 оқушылар сарайы салынбақ. Және Бостандық, Алмалы, Түрксіб аудандарындағы ескі ғимараттарды бұзып, 3 оқушылар сарайын салуды жоспарлап отыр.
«Президент атап өткендей сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басымдық. Орын тапшылығын азайту үшін өткен жылы 33 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 16 мыңға жуық оқушы білім алуға мүмкіндік алып, тапшылық 46 пайызға төмендеді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Ал спортпен айналысатын 45 мыңнан астам баланы тегін секциялармен қамтамасыз ету үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы бойынша 1,7 млрд теңге бөлінген. Сұраныс өскен жағдайда қаржыландыру жағы да артады.
«Спорт инфрақұрылымын дамытуға жеке инвесторларды белсенді түрде тартамыз. 2021 жылы инвесторлар есебінен 380 орындық трибуналары бар көпфункционалды спортзал, «Сұңқар» кешенінде бассейн; «Жұлдыз-1» шағынауданында гимнастика, жекпе-жек залы және бассейні бар спорт кешені; Қазақ ұлттық университеті аумағында 6 корты бар теннис орталығы салынды», – деді Бақытжан Сағынтаев.