Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге тіркелу басталды

10.06.2022 19:36

Биыл ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, мамандандырылған магистратураға түсу үшін – 50 балл

Photo: pandaedu.kz

Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тіркеу ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 2022 жылғы 15 шілдеге дейін жүргізіледі.

Тестілеу күні туралы ақпарат үміткердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Ал кешенді тестілеу 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады.

«Кешенді тестілеу электронды форматта өткізіледі және үш бөліктен тұрады: шет тілі, оқуға дайындықты анықтау және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Оған 4 сағат беріледі. Шет тілін білу деңгейін растайтын халықаралық сертификаты болса, үміткер шет тілінен тест тапсырудан босатылады», - деп түсіндірді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Талапкерге магистратураға түсу үшін білім беру бағытының сәйкестігін анықтау бойынша нұсқаулық енгізілді. Бұл білім беру бағдарламаларының сабақтастығын, үздіксіздігін сақтау және бакалавриат маманын даярлау сапасын арттыру үшін қажет. Сондықтан белгілі бір білім беру бағдарламасына құжатты тапсырар алдында талапкер университеттің қабылдау комиссиясымен кешенді тестілеудің форматы және таңдалған білім беру бағдарламасы тобының талапкер алған мамандыққа сәйкестігі туралы кеңесуі қажет. Кеңесті университеттің виртуалды қабылдау комиссиясынан да алуға болады.

Биыл ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, мамандандырылған магистратураға түсу үшін – 50 балл.

Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда, үміткерлер тестілеуден өткеннен кейін онлайн апелляцияға бере алады.

2022-2023 оқу жылына арналған магистратураға мемлекеттік білім беру тапсырысы 13 мыңнан астам грант екенін еске сала кетейік.