Алматыда «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры жаңа оқу жылына дейін 2 мың балаға оқуға қажетті құрал әпермек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мектепке жол акциясы аясында жүзеге асып жатқан іс-шара бүгін Алатау ауданында өтіп, жергілікті оқушыларға керек-жарақ табыс етілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аз қамтылған отбасына жан-жақты қолдау көрсетілер болса, балалар еш кедергісіз білім алады.
Алматыда «Балаларға жақсылық сыйла» атты іс-шара өтті. Оны қала әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырып, көпбалалы және жалғыз басты аналарға қаржылай көмек көрсетті. Яғни 30 баланың әрқайсысына 20 мың теңге берілді.
«Бүгінгідей жаңалығы желмен жарысқан, ой-өрісі ғарышпен таласқан уақытта білімді болу – өмір талабы. Сондықтан еш бала қатардан қалмай, жақсы білім алу үшін жағдай жасау керекпіз. Балаларға алдағы оқу жылында мықты денсаулық, білім жолында сәттілік тілейміз», – деді Алматы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Гүлнәр Әмірова.
«Бұл – Алматы білім басқармасымен бірге атқарылған шаруа. Білім басқармасында, мектептерде әлеуметтік жағдайы төмен отбасы тізімі бар. Тізімге қарап, таратамыз», – деді «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков.