Жайлы мектеп: Алматыда 600 орындық білім ордасы ашылады

16.08.2024 18:20

Шаһарда 36 мың 800 орынға арналған 22 мектеп салынып жатыр

Almaty.tv

Алматыда қыркүйекте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім мекемесі пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Білім мекемелеріндегі орын тапшылығын шешуге, апатты деп танылған нысандар мен үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған «Жайлы мектеп» жобасы биыл жемісін береді. Қыркүйекте алғашқылардың бірі болып Алматыдағы 600 орындық № 97 гимназия қолданысқа беріледі.  60 жылдан астам тарихы бар білім ордасында жылу және сумен жабдықтау жүйелері әбден тозып, жарамсыз күйге жеткен. Ғимарат сүріліп, орнына ұлттық жоба шеңберінде жаңа мектеп салынды.

Еліміздің барлық өңірінде ұлттық жоба бойынша мектептер бірыңғай стандартпен салынып жатыр. Жаңа білім ошақтары заманауи құрал-жабдықтармен, пәндік кабинеттермен жабдықталады. Мұнда зертханалар, робототехника сыныбы, соңғы үлгідегі спорт залдар бар. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да тиісті жағдай жасалмақ.

– Ескі мектебіміздің ғимараты ыңғайсыз болды,  мұғалімдердің бөлмесі жоқ. Оқу кабинеттері аз, оқушылар сыймайтын. Ал жаңа мектептің аумағы екі есе ұлғайды. Бастауыш сыныбының оқитын жері бөлек. Ал жоғары және орта сыныптар басқа ғимаратта оқиды, – деді № 97 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнәр Тәжібаева.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген ұлттық жоба аясында Алматыда 36 мың 800 орынға арналған 22 мектеп салынып жатыр. Оның 13-іне бірыңғай тапсырыс беруші жауап береді. Қалған 8 мектептің ғимараты жеке инвесторлардан сатып алынса, біреуінің құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылады. Жаңа білім мекемелері 2025 жылға дейін пайдалануға беріледі.

– Қалған 12 мектеп те тапсырысқа беріледі. Барлығының сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары, иженерлік желілер, кәріз, су, электр қуатын тарту, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді құрылыс компаниясының өңір басшысы Берік Қожатай.

Биыл елдегі 1 миллион 700 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл былтырмен салыстырғанда 100 мың балаға көп. Оқу-ағарту министрлігі мәлімдегендей, тегін ыстық тамақ бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға берілмек.

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мектепке жол: Алматыдағы Наурызбай ауданында 70 балаға сөмке таратылды