Қазіргі уақытта қалада 3,8 мыңға жуық студент тұрады
Алматыда студенттік жатақханалар тапшылығы мәселесі 2030 жылға қарай толық шешіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы ОКҚ брифингінде Алматы әкімі Ерболат Досаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып айтты. Қазіргі уақытта Алматыда жатақханалар салу бойынша жұмысты тиімді үйлестіру үшін Жобалық кеңсе іске қосылды. Жобаларды қолдауға 114 әлеуетті инвестор жүгінді.
- Бүгінгі таңда 42 452 төсек-орынға арналған 47 жоба бар. Оның ішінде 33 нысан – 38 740 төсек-орынға арналған жаңа жатақхана. 15 нысан 3 712 төсек-орынға арналған жатақхана ретінде қайта жаңартылады. Қалған 67 инвестордың жобасы бойынша жер учаскесін іздеу жұмыстары жүргізілуде, - деді Ерболат Досаев.
Қазіргі уақытта Алматының 23 жатақханасында 3,8 мыңға жуық студент тұрады. 2025 жылдың соңына дейін қалада 12 мың төсек-орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың төсек-орын құрылады. Бұл жатақхана тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, "Білім туралы" заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес биыл 1 қыркүйектен бастап студенттерге тұрғын үй беру және оларды жатақханалармен қамтамасыз ету бойынша біліктілік талаптары күшейтілді. Енді ЖОО-дары осы шартты сақтамаса, онда олар лицензиясынан айырылады және білім беру қызметін жүзеге асыра алмайды.
Оқи отырыңыз: Алматыда 2030 жылға дейін 2,5 миллионнан астам ағаш отырғызылады