«Қашықтан оқыту балалар мен ұстаздардың денсаулығын сақтау мақсатында туындаған қажеттілік». Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дəл осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Cондай-ақ, ол мамыр айында карантиннен кейін біраз балабақшада кезекші топтар ашылып, артынша Нұр-Сұлтан қаласында, Батыс Қазақстан облысында және басқа да өңірлерде балалардың арасында коронавирус тіркелгенін еске сала кетті. Айтуынша, вирустың таралуы бала, сынып, мектеп, одан ата-ана, ұжым, қоғам болып жалғасып кете береді. Сондықтан бұл бағытты Мемлекет басшысының қатаң бақылауға алғаны белгілі.
«Сөз жоқ, балалардың білімі өте маңызды. Дегенмен олардың денсаулығы басты назарда әрі басты мақсат. Бұл бағыт Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей назарында тұр. Жалпы, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінде тәуліктік өсім 0,1 пайызды құрап отыр. Бүгін COVID-19 жұқтырудың 86 жағдайы тіркелді. Осы жылдың 5 шілдесінен бастап науқастарды жататын орынмен қамтамасыз ету қажеттілігі 6 есеге, КВИ мәселелері бойынша жедел медициналық көмек шақырулары 5,5 есеге азайды. Науқастардың 99 пайызы сауығып, аман-есен отбасына оралды», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Ал денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық оқушылар қашықтан бірінші тоқсанның соңына дейін оқитынын айтты. Оның сөзінше, 15 қыркүйектен 5 қазанға дейін балаларға және қауіп-қатер тобындағы адамдарға тұмауға қарсы вакцинация жүргізіледі. Алексей Цой, сондай-ақ, індетпен күрестегі жоспарлармен бөлісті.
«Бізде 13 модульді аурухананың құрылысын жоспарладық. Екі үлкен емхана реконструкциядан өтіп жатыр. Емхана деңгейінде 3640 мобильді топ сақадай сай. Ауруханалар 5098 өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтылады. 21566 төсек орны оттегімен жабдықталады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.