Сәтбаев және Абай атындағы университеттердің студенттері еліміздің киелі жерін зерттеп жүр

21.06.2023 19:50

Олар 3400 шақырым жол жүрді

Almaty.tv

Ұлы данышпан бабалардың даналығы мен төзімділігінен шабыт алған жас зерттеушілер тарихи орындарға саяхат жасауда, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бірлесіп іс-шаралар өткізу екі университетте жақсы дәстүрге айналып келеді, сондықтан бұл сапар екі оқу орны арасындағы табысты ынтымақтастық қарым-қатынастың тағы бір мысалы болып отыр.

Осы дәстүр аясында студенттер үлкен бір автобусқа мініп, өз тарихы мен мәдениетін тереңірек танып-білуі үшін Қазақстанның киелі жерлеріне саяхатқа аттанды. Саяхат барысында қатысушылар қазақтың екі ұлы тұлғасы – Қаныш Сәтбаев пен Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына байланысты тарихи жерлерді аралайды.

Сапар бағдарламасы бойынша студенттер Қаныш Сәтбаевтың туған жерін, Шәкәрім Құдайбердиев пен Абай Құнанбаев, Мәшһүр Жүсіп кесенелерін, сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану мұражайларын аралайды.

Студенттер 3400 шақырым жол жүріп, 6 көлге барады, тіпті оның жағалауындағы аумақтарды тазартады. Сонымен қатар Сәтбаев және Абай атындағы университеттердің студенттері еріктілер қатарында Бородулиха орман шаруашылығында ағаш көшетін отырғызып, қылқан жапырақты ағаштарды арамшөптерден тазартты.

Сәтбаев университеті Қ.И. Сәтбаев атындағы 5 орта мектеппен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Рухани байлық болмаса, материалдық байлық та болмайды. Осы қызықты сәттердің барлығын басынан өткерген студенттер еліміздің саналы да патриотты азаматтары болып, ары қарай жетіле береді деп сенеміз, – деді Сәтбаев университетінің проректоры Мансұр Әлімханов.

Сәтбаев университеті мен Абай университеті – Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі, екеуі де қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың құрметіне құрылған. Екі университет әртүрлі салада, соның ішінде ғылыми зерттеулер бойынша, білім беру бағдарламалары және бірлескен мәдени іс-шаралар жөнінде белсенді ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды.

Теги: мегаполис