Қазақстандық 16 ЖОО әлемдегі ең беделді Quacquarelli Symonds World University Rankings халықаралық академиялық рейтингіне енді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кейінгі 4 жылда рейтингтегі қазақстандық университет саны екі есеге өсті: 2018 жылы рейтингте 8 отандық ЖОО, 2021 жылы 14 жоғары оқу орны.
Алғаш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемнің үздік 150 университетінің қатарына енді. Бір жылдың ішінде университет көрсеткішін жақсартып, 175-орыннан 25 позицияға көтерілді.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 51 сатыға көтеріліп, ЖОО 277-орыннан көрінді.
Satbayev University шамамен 100 позицияға көтеріліп, QS WUR рейтингінің 405-орнына тұрақтады.
Сонымен қатар Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті де өз жұмысын айтарлықтай нығайтты.
Биыл әлемдік рейтингке енген қазақстандық ЖОО тізімін Алматы технологиялық университеті мен Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті толықтырды.
«Биыл барлығы қазақстандық 16 ЖОО QS WUR рейтингіне енді, былтыр олардың саны 14 болатын. Ал оған дейін 8 университет болды. Жақында университеттеріміз тағы бір әлемдік Times higher education рейтингінде өз көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Бұл екі беделді рейтинг. Осының барлығы қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейде таныла бастағанының дәлелі. Әлемдік рейтингтерде көтерілу – қазақстандық білім сапасының жақсарғанының және университеттердің жоғары мәртебесінің айқын көрсеткіші. Бұл біздің университеттердің халықаралық аренадағы жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Университеттерді трансформациялау, сондай-ақ оқытушылар мен ғалымдардың белсенді жұмысының арқасында оң нәтижелерге қол жеткізілді», - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасова.
Отандық университеттер үшін ең басты критерийлердің бірі – академиялық бедел мен жұмыс берушілер арасындағы бедел. Сондай-ақ университеттердің ғылыми ынтымақтастық пен жаһандық жетістіктері де атап өтілді.
QS WUR әлемнің үздік университеттерінің тізімі 2004 жылдан бері жарияланып келеді.