Академиялық адамдық лигасына мүше жоғары оқу орындары студенттер арасында үштік бағаның азайып кетуіне алаңдаулы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Академиялық адалдық лигасы өз құрамындағы 12 ЖОО студенттерінің бағасына талдау жасаған. Нәтижесінде, студенттерге «өте жақсы» және «жақсы» бағалары жиі қойылатыны анықталған. М. Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университетінің ректоры Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, студенттерді стипендиядан айырмау үшін оқытушылар бағаны көтермелеп қоюға мәжбүр.
«Көптеген оқытушылар студенттерге «қанағаттанарлық» бағасын қойғысы келмейді, себебі мемлекеттік грантта оқитын студент үштік алса, стипендиясынан айырылады. Стипендияның студентке берілетін әлеуметтік көмек екенін ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «қанағаттанарлық» бағасын алған студентке де стипендия беру бастамасын қолдаймыз. Осылайша, оқытушылар студентті әділ бағалай алады. Мұндай талдауды еліміздегі барлық ЖОО-да жүргізу керек», - деді Талғат Нәрікбаев Астанада өткен ҚР БҒМ Алқасының кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, Академиялық адалдық лигасына мүше білім беру ұйымдарында бағалардың 55 проценті – «өте жақсы» және «жақсыға» тиесілі. Кей жағдайларда «қанағаттанарлық» және «қанағатсыз» бағалары еш студентке қойылмаған.
«Бұл жағдай студенттердің жетістігі туралы бұрыс пікір қалыптастырады. Дәл осы балалар экономиканың нақты секторларында бәсекеге жарамай жатады. Академиялық адалдық лигасының барлық мүшелері 2019 жылдың 1 маусымына дейін бағалардың орташа көрсеткішін енгізуі керек», - деді ол.
Алқа отырысына қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл шаралардың студенттерді әділ бағалау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да көмектесетінін айтты.
«Білім беру саласындағы бақылау комитеті мен Ішкі аудит қызметіне барлық ЖОО студенттерінің тиісті стипендияларын алғанын тексеруді тапсырдым. Бұған да алқа шешімі керек. Егер ешкім қарсы бомласа, стипендиялар бойынша ұсыныстарды талқылайық», - деді министр.