Дұрыс есептемеу фактісі анықталды
Павлодар облысында мыңға жуық студентке шәкіртақы дұрыс есептелмеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша облыс әкімдігімен пайда болған берешекті өтеу үшін 40 млн теңге өндірілді. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәліметінше студенттердің құқығы бұзылған.
– Оқушылардың құқығы сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде медициналық колледж студенттеріне шәкіртақыны дұрыс есептемеу фактісі анықталды. Яғни шәкіртақының өскені ескерілмеген, – дейді прокуратурада.
2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап төлемдер мөлшерін арттыру бойынша заңнамалық түзетулер қабылданған. Оған сәйкес шәкіртақы 20 948-ден 31 422-ге дейін – 10,5 мың теңгеге өскен.
Дегенмен 2023 оқу жылының басынан бері 965 студент ескі мөлшерлеме бойынша шәкіртақы алуды жалғастырған.
Қазіргі уақытта студенттерге тиесілі барлық сомалар төленіп, кінәлі адамдар жазаланды.
Оқи отырыңыз: Әлем мұғалімі: алматылық ұстаз үздік атанды