|
28.12.2023 | 20:08
451

Әлем мұғалімі: алматылық ұстаз үздік атанды

Байқауға 130 елден педагогтер қатысты

Әлем мұғалімі: алматылық ұстаз үздік атанды Almaty.tv

Жеті мыңға жуық мұғалім қатысқан дүбірлі додада алматылық ұстаз үздік атанды. Биыл әлемнің 130 елінен педагогтер қатысқан Global Teachers Priza марапатында «Әлем мұғалімі» атағын Айгүл Ишанғалиева иемденді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Айгүл Ишанғалиева – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз талмай еңбек ету мен тынбай ізденуінің арқасында биыл «Әлем мұғалімі» атанды. Оның айтуынша, жыл сайын біліктілігін арттыру үшін жаһандық үздік сарапшылардан онлайн курстардан өтуді әдетке айналдырған. Әр сабағын ерекше форматта өткізуге тырысатын мұғалім оқушыларын әлемнің белді университеттеріне дайындайды.

– Сабақтарымда жоба дайындау әдісін қолданамын. Оның арқасында шәкірттерім түрлі халықаралық байқауда жобасын дайындап, қорғап, басқа мектептердің оқушыларымен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ студенттерді Кембриджге түсу емтихандарына тегін дайындаймыз, сөйлеу дағдысын дамыту үшін фильмдерден үзінді көріп, сөйлеу клубтарын ұйымдастырамыз, – деді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Ишанғалиева

Ал №7 қалалық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Есенай Еспенбетовтің Гиппократ антына адал болғанына 20 жылдай уақыт болған. Ісіне адал маман – қаңтар қырғыны мен коронавирус пандемиясы кезінде де кірпік ілмей жұмыс істегендердің бірі. Артылған үмітті ақтап, адам өмірін сақтап қалуды басты міндеті санайтын ақ халатты абзал жан анестезия салып болған соң, ота соңына дейін тақымын қысып отырады.

– Медицинадағы реанимация – ең қиын сала. Біз адамды өмірге қайтарамыз. Әрбір дәрігер қолынан келгенше көмек көрсетеді. Дегенмен жағдай қиын болса, реаниматолог бар деп бізге сеніп арттады. Бізден кейін ешкім жоқ, соңғы бекетпіз, – деді №7 қалалық клиникалық ауруханасы жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Есенай Еспенбетов.

Білікті дәрігер 2 жыл сайын шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасады. Осы уақыт ішінде ол әлемнің 15-тен астам елінде болып, еуропалық медицинамен танысып үлгерген. Есенай Еспенбетов халықаралық сыйлықтар мен «Құрмет» медалінің иегері.

Жансая Олжабек, Әмина Үсенова, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир