Наурыз хикаясы: жамбылдық жас дарындар мультфильм жасап жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Есімхан есімді жас ғалым «Ақылды үй» жобасын ойлап тапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбылдық жас дарындар мультфильм жасап жатыр. Меркілік оқушылардың анимациялық туындысы ерекшеліктерге толы көрінеді. Ең бастысы кейіпкерлер ана тілде сөйлейді, дәстүрімізді дәріптейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балаларды шығармашылыққа баулитын орталық оқушылар сарайында орналасқан. Ол – облыстағы анимациялық мультфильм жасауға үйрететін жалғыз үйірме. Орталықтың ашылғанына бір жыл болған. Әзірге 2 туындысы дайын. Бір мультфильмнің ұзақтығы 4 минутқа тартқанымен, оның артында оқушылардың 4-5 ай бойы еткен еңбегі жатыр.

«Наурыз хикаясы» ертегісін дайындау үшін мұндағы 12 оқушы барын салған. Анимациялық мультфильм жасауда алдымен сценарий жазылады. Сосын суреті салынады. Актерлік шеберлігі бар балалар дауысын дыбыстап, таспаға түсіреді.

– Мультфильм жасау оңай емес. Біреу сурет салады, біреу дауысын келтіреді, монтаждайды. Кино түсіруден де қиын мультфильм. Біз 3D принтермен кейіпкерлер жасап, 3D мультфильімін жасағымыз келеді, – деді 7 сынып оқушысы Аслан Жапарханов.

Үйірмеге қызығушылық танытқан жаспөспірімдер саны күннен күнге артып жатқан көрінеді. Мұнымен қоса, дарынды оқушылар енді 3D форматтағы мультфильмге ден қоймақ. Биыл олар туындалар санын 7-ге жеткізуді  жоспарлап отыр.

– Біздің ауылдағы балалар еуропаның балаларынан еш кем емес. Өйткені балалар тез қабылдап, жақсы мультфильмдер жасап жатыр. Балалар болашақта кино режиссер болуы мүмкін, – деді қосымша білім беру мұғалімі Асан Алтынбеков.

Меркіде қиялы ұшқыр, озық ойлы оқушылар көп. Соның айқын дәлелі, шығармашылық орталықтың өрендері 100-ге жуық ұшақ, 30-ға тарта кеме түрін жасап шығарған. Ал Есімхан есімді жас ғалым тетікпен басқарылатын «Ақылды үй» жобасын ойлап тауыпты.

– Телефонның арнайы бағдарламасы мен вайфай арқылы осы датчикке кіреміз. Бір тетік арқылы жарығын қоса аламыз. Өз қолымызбен өшіре аламыз. Сыртта тұрған қақпаны телефон арқылы басқарып, ашып, жаба аламыз, – деді 8 сынып оқушысы Есімхан Елубай.

Ауыл балалары көпшілік көретін қызықты фильмдерді көптеп шығаруға ниетті. Талабы таудай таланттылардың тасада қалмасы анық.

Жомарт Есқара, Дәурен Доғдырбай «Алматы» телеарнасы Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Әскери іс институтының курсанттары ант қабылдады

Новости партнеров