Алматыда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша орын саны артты

01.04.2024 20:08

Мегаполисте барлығы 980 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымы бар

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жергілікті бюджет есебінен 7860 орын (2023 жылы 5905 орын бөлінген) бөлінді, деп хабарлайды Almaty.tv.

2024 жылдың ақпан айында 72 жекеменшік балабақшаға 3274 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыруға конкурс өткізілді, осыған байланысты жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша орын саны артты.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес оқытудың кредиттік технологиясын ескере отырып, 2024 жылға арналған жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі жалпы балабақшаларда 1510 теңгеге дейін, арнайы топтарда 2106 теңгеге дейін, мектепалды даярлық топтарында 739 теңгеге дейін өсті.

Алайда, ата-ана төлемінің - 25 000 теңге- мөлшері өзгерген жоқ.

Мегаполисте барлығы 980 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымы бар, оларға 84 797 бала (194 мемлекеттік, 786 жекеменшік балабақша) барады. Қазіргі таңда 701 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым 45 430 орынға мемлекеттік тапсырыс берген.

Мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту туралы қаулы жобасын талқылау үшін НҚА порталында орналастырылды. Қызығушылық танытқан азаматтар жобаны талқылауға келесі сілтеме арқылы қатыса алады.