Алматыда 193 кезекші сынып ашылды: Оқушылар мен ұстаздарға қойылған талап қандай

01.09.2020 20:09

Әрбір кезекші сыныпта оқушы саны 15-тен артық болмайды және қоңырау әр сыныпқа әртүрлі

Almaty.tv

Алматыдағы кезекші сыныптардың барлығы жаңа оқу жылын бастауға дайын. Биыл шаһарда 193 кезекші сынып ашылды. Онда 2 мыңға жуық бала білім алады деп жоспарлануда. Мектеп қабырғасындағы сабақтар қалай өтеді? Білім алушы мен ұстаздарға қандай талап қойылады? Кезекші сыныптардың дайындығымен танысып қайтқан Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен толығырақ тарқатсын.

Дәл қазіргі уақытта барлық білім беру мекемелері үшін әр баланың денсаулығы маңызды. Сондықтан барлық мектептердің кіреберісінде осындай дезинфекциялық тунельдер орнатылған және кезекші сыныпқа кіретін оқушылар мен ұстаздардың дене  ызуы өлшенетін болады. Ал, кезекші сыныптарға кіреберісінде мынадай ақпараттық хабарламалар мен антисептик және бір реттік пайдаланатын маска бар.      

Әрбір кезекші сыныпта оқушы саны 15-тен артық болмайды және қоңырау әр сыныпқа әртүрлі. Себебі оқушылар дәлізде топтаспауы қажет. Сонымен қатар, кезекші сыныптар бір-бірінен алшақ орналасқан. Әр сабақ аяқталған соң 10 минуттық үзіліс. Ол уақытта кабинет толықтай тазартылады. Сондай-ақ, барлық білім алушы толықтай медициналық тексерістен өтуі қажет.  

«Кезекші сыныптарға созылмалы аурулары жоқ балалар қабылданатын болады. Балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері балаларды санитарлық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз ететін болады. Олар маскалар, қолды тазалауға арналған антисептик немесе бактерияға қарсы сулы майлықтар. Балалардың ата-аналары немесе олардың заңды өкілдері балаларын әлеуметтік арақашықтықты сақтау туралы түсіндіру қажет», – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Арақашықтық демекші, әрбір мектептің дәлізінде арнайы белгілер орнатылған. Ал, ұстаздарға келетін болса, кезекші сыныптарда міндетті түрде тәжірибелі мұғалім сабақ береді. Себебі енді ғана мектеп табалдырығын аттаған бала білікті маманнан білім алуы қажет.    

«Бірінші сыныпты алатын мұғалімдердің бәрі 16-17 жылдық тәжірибесі бар. Біз биыл жас мұғалімдерді алған жоқпыз. Тек қана біздің бұрынғы құрамдағы мұғалімдер жұмыс жасайтын болады. Біздің бірінші сыныпта істейтін мұғалімдеріміздің жасы 40-45 дейін. Ешқандай аурумен ауырмайды. Себебі біз әр оқу жылында медициналық тексерістен өтеміз», – деді №135 жалпы білім беретін орта мектеп директоры Эра Сейсебаева.

Дәл қазіргі уақытта Алматы бойынша аудандық білім бөлімі мен эпидемиолог мамандардың қатысуымен аудит өткізілген. Барлық мектептегі кезекші сыныптар жаңа оқу жылын бастауға дайын.

Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы