Елде жасанды интеллект технологияларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, оны меңгеруге ынта арта түсті. Қазірдің өзінде 2 мыңнан астам студент 17 жоғары оқу орнында жаңа білім беру бағдарламалары бойынша оқытылып жатыр. Бұл туралы жауапты ведомство мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстандық білімгерлерге әлемнің жетекші университеттері мен профессорларының 20 мыңнан астам онлайн курсы және AI бойынша 4200 бағытты қамтитын сабақтар қолжетімді. Елдегі 2 жоғары оқу орнында цифрлық университеттер моделі жұмыс істеп тұр.
Арманжан Қуанаев мехатроника және робототехника мамандығының 4-курсын тәмамдады. Оқумен қатар өнертапқыш лабороторияға жұмысқа тұрып, бірегей жобалардың жарыққа шығуына ұйытқы болып жүр. Жас ғалым интернет алаяқтарды әшкерелеп, қаладағы рұқсатсыз қоқыс алқаптарын белгілеу мен өсімдіктердің ауруына ем ойлап табатын жүйені шығарған. Түлектің айтуынша, бұл – жасанды интеллектімен жұмыс істеудің нәтижесі.
– Жасанды интеллект саласы жылдам дамып келеді. Оның көмегімен жұмысымызды жылдам атқара аламыз. Мәтін керек болса, ChatGPT-дан шығарамыз. Ақпаратты да сұрай аламыз және Generative AI арқылы көптеген модель шығара аламыз, – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ студенті Арманжан Қуанаев.
Еліміздің жоғарғы оқу орындары Google, Nvidia, Coursera, 01 Edu System және Huawei сынды ірі халықаралық алып компаниялармен ынтымақтастық орнатып, цифрлық экономикаға бейімделген мамандарды дайындауды бастады. 2024 жылы 15 отандық университетке Google курстары енгізіліп, 12 мың студент Generative AI жобасына қатысуға мүмкіндік алды. Мамандар «секунд сайын жаңарып отыратын ақпарат айдынында қалыс қалмау үшін бағдарламаны жыл сайын жаңартамыз» дейді
– Жасанды интеллектіні студенттер лабороторияда практика жүзінде бастайды. Әуелі бағдарлама қалай жұмыс істейтінін зерттейміз, содан кейін ғана жасап үйренеміз. Соңғы екі жылда Coursera деген үлкен платформа бар, сонымен келісім жүргіздік, курстарды студенттер тегін оқуға мүмкіндігі бар, – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ бағдарламалық инженерия кафедрасының аға оқытушысы Арай Қасенхан.
IT cаласында білікті мамандарды даярлау үшін цифрлық университеттер жобасы әзірленіп, іске қосылды. Бағдарлама пилоттық режимде бірнеше жоғары оқу орнында енгізілді. Жүйені алғашқылардың бірі болып қосқан – Қаныш Сәтпаев атындағы университет. Платформаның ерекшелігі жасанды интеллектінің көмегімен әр студенттің үлгеріміне баға беріліп, келешекте қай бағытта жұмыс істеуге болатыны жайлы ақпарат береді.
– Цифрлық университет деген жай онлайн қосымша емес, бұл – платформа, ол студентке әр емтихан, семестрден кейін, көрсеткішін есептеп, бағаларын сарапқа салып нұсқама, кеңес береді. Студент әрі қарай қандай бағытта жұмыс жасау керек? Осал тұстары қандай? Қай жағынан басқалардан артықшылығы көрінеді? Осының бәрін жасанды интеллект жүйесі жасап шығарады, – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ «цифрлық техника және технологиялар институты» ақ басқарма төрағасы Замир Түлешов.
Биыл елдегі 93 жоғары оқу орнының студенттері үшін жаңа курстарға 40 мың лицензия бөлінді. Халықаралық серіктестіктер арқылы жас ғалымдар жасанды интеллект саласында жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік алып отыр.
Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Еуразия технологиялық университетінде 200 білім беру гранты берілді