Мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмаған «Алтын белгі» иегерлеріне жаңа мүмкіндік

18.08.2021 20:18

Мектепте озат болған жас түлектерге 30 шақты мамандық қарастырылған

Almaty.tv

Алтын белгісі болса да, мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмаған жас түлектерді Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті елеусіз қалдырған жоқ. Осылайша «Алтын белгі» иегерлеріне екінші мүмкіндік туып отыр. Мектепте озат болған жас түлектерге 30 шақты мамандық қарастырылған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Сая Есімхан тарқатсын. 

Қапшағай қаласының түлегі 11 жыл бойғы еңбегінің ақталғанына дән риза. «Алтын белгі» ала тұрып, басты байқаудан өтпей қалғанына қынжылып жүргенде, Сәтпаев университетінің инстаграм парақшасынан білген бұл жаңалығы өте қуантты дейді. Мамандығы бойынша мемлекеттен бөлінген 400 грантқа іліге алмаған. Ең қызығы бастапқыда тапсырған 4 жоғарғы оқу орнының бірі осы Сәтпаев университеті еді.  

«Оқуға түспей, грантқа ілінбей, сол тізімнен өзіміздің атымызды таппай қалған ол бір түсініксіз, жағымсыз жағдай десе болады. Сәтпаев университетінің бізге берген мүмкіндігі біз үшін өте қуанышты жаңалық болды», – деді «Алтын белгі» иегері Дүрнисахан Хусяйняева.

Өтінімдерді қабылдау бойынша: Сән, Менеджмент және басқару, Қаржы, экономика, Жер туралы ғылым, Ақпараттық технологиялар, Материалтану, Электротехника және энергетика, Сәулет тіпті, Мұнай газ ісі сияқты мамандықтар қарастырылған. Осы жылдың өзінде университет бойынша жалпы саны 2236 абитуриент грант иесі атанды. Бұл күндері әсіресе «Алтын белгі» иегерлері көптеп келуде. Таң атқалы телефонға тыным жоқ, алғашқы күннің бірінші жартысының өзінде осы бағдарлама бойынша қабылдау комиссиялары 8 түлекті қабылдап үлгерген.

«17-25 тамыз аралығында университет тиісті өтініштерді қабылдайды. Сонымен қатар біздің ресми сайтта сол өтініштің үлгісі және 30-ға жуық мамандықтардың тізімі берілген. Сондықтан егер де «Алтын белгі» иегерлері сондай екінші мүмкіндікке ие болайын деп жатса біз оларды қабылдауға дайынбыз. Олар Сатпаев университетінде тегін оқуға ие бола алады», – деді Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Әлібек Шоқпаров.

Үміткерлер өтінім қалдырып, өзінің «Алтын белгі» немесе қызыл аттестатын алып келсе де грант беруге дайынбыз, деп сендірді қабылдау комиссициясының өкілі. Келер жылы грантын ақтап жатса, мемлекеттік шәкірт ақы да ала алады.

Сая Есімхан, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы