23 жоғары оқу орны 56 бағыт бойынша лицензиясынан айырылған
Қазақстанда тағы да қатаң карантин енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Ол әлеуметтік желілерде «17 қыркүйекте қайта карантинге жабады. Ал, қазан айында күн сайын 5 мың адамға дейін індет жұқтырады» деген ақпараттарды жоққа шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ондай ақпарат бізде жоқ. Бүгінгі күні өсім деңгейі 0,1 процентті құрап отыр. Бұл ашығын айтқанда, үлкен жұмыс пен қабылданған шаралардың нақты нәтижесі. Қазақстанда ешқандай карантин енгізу мәселесі тұрған жоқ. Керісінше, өздеріңіз байқап отырғандай, карантин режимін жұмсартуға байланысты бірнеше шаралар қабылданды», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Ал, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жыл соңына дейін 24 жоғары оқу орны тексерілетінін айтты. Естеріңізге салайық, Президент Жолдауында сапасыз білім беретін, дипломды саудалайтын жоғары оқу орындарын сынға алған болатын.
«Диплом басып шығаратын университеттер қатаң шаралар қолдану туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Біз осы тапсырманың аясында қазірдің өзінде 5 жоғары оқу орнын азайттық. Онда 35 мың студент білім алған. 23 жоғары оқу орны 56 бағыт бойынша лицензиясын қайтарды. Жыл соңына дейін 24 жоғары оқу орнын тексеріп, тиісті шара қолданамыз. Талаптарды күшейттік. Тексеріс жүргізіліп жатыр», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.