Төрт өңірдегі мұғалімдердің жалақысы 790 мың теңгеге дейін өседі. Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарына басқа аймақтардан баратын мұғалімдер екі есе жоғары еңбекақы алады. Бұл жайында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, бұл үрдіс аталған өңірдегі педагог жетіспеушілігі мәселесін шешеді. Ал депутаттардың пікірінше, әлеуметтік теңсіздік мәселесін тудыруы мүмкін. Бүгін Мәжіліс отырысында 2022 жылға арналған бюджетке түзетулер бекітілді. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтің айтуынша, бюджетті нақтылау кезінде тиімсіз 1 трлн теңгелік шығын қысқартылған. Депутаттар Ұлттық қордан түсетін трансфертті 4 триллион теңгеге дейін арттыруды мақұлдады. Қазына қаржысын талқылау барысында депутаттар бірқатар мәселелерді көтерді. Жәмилә Нұрманбетова мұғалімдердің жетіспеушілігі мен білім беру сапасында үлкен алшақтық бар өңірлерге басқа елді мекендерден көшіп келген мүғалімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіледі деген сауалын қойды.
«Осы қарастырылып отырған 3,9 млрд теңге екі мәселені шешеді. Мұғалімдердің екі есе жалақы алуы және бұған қоса тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындарды төлеу ескерілген. Неге біз бұл мәселені жалақының ішінде қарастырып отырмыз. Біздің заңнамаға сәйкес, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық төлемақыны тек жергілікті бюджеттен бере аламыз. Сондықтан жергілікті бюджетке ауырпалықты түсірмей және заңнаманы бұзбай мәселені жалақы арқылы шешіп отырмыз.», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Халық қалаулысы Лариса Павловец вакциналарды сатып алу шығындарын ұлғайту мәселесін көтерді. Ол осы жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде шығындар барынша қысқартылғанын еске салды. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл мақсатқа тағы да қосымша қаражат сұрап отыр.
«Ұлттық қордың кепілдендірілген трансфертінен Pfizer вакцинасының 4 млн дозасын сатып алуға қосымша 20,6 млрд теңге бөлінеді. Демек, сіз алдымен шығындарды 6,7 млрд-қа қысқартасыз, ал бүгін нақтылауға келіп, 27 млрд теңге сұрайсыз. Алайда, бұл немен байланысты. Біз пандемияның жаңа толқынына дайындалып жатырмыз ба», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лариса Павловец.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ажар Ғиният атап өткендей, Үкімет Pfizer вакцинасы үшін «СҚ-фармация» ЖШС-не төлем жасамаған.
«Бұл вакциналардың құны өсті, ал біз биыл 700 мыңнан астам баланы екпемен қамтамасыз етуіміз керек. Қалған 2,4 млрд теңге ұлттық күнтізбе аясында барлық вакциналарды сатып алу кезінде бағамдық айырмашылықты жабу үшін қажет», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Бүгін мәжілісмендер кибербуллинг туралы резонанс тудырған заңды қабылдап, Президентке қол қоюға жіберді. Ол заң жобасы тиімді құқықтық базаны қалыптастыру және бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан