Балабақшада 320 бала 13 топта мемлекеттік тілде тәрбиеленуде
Ел балабақшалары Жаңа жыл қарсаңында ертеңгілік өткізуді бастап кетті. Мерекеге орай, балаларға концерттік нөмір дайындатып, қарым-қабілетін қалыптастыруға алматылық бөбекжайлар да кіріскен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мектепалды даярлық тобына ән айтқызып, би билеткен меңгерушілер олардың қойылым қойып, мәтін жаттауына да ден қойған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ертегі арқылы балалардың ойлау, елестету, құрастыру қабілеті дамиды.
– Балабақшада 320 бала 13 топта мемлекеттік тілде тәрбиеленуде. Сонымен қатар балабақшада 30 педагог қызмет атқарады. Бүгінгі жаңажылдық мерекелік іс-шарада педагогтар балалардың көңіл күйін көтеру үшін ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдап, өз шеберлігін көрсетуде, – деді «№90 бөбекжай-балабақша» МКҚК меңгерушісі Гүлімжан Жайлаубаева.
Тұңғышынан бастап, бар баласын осы балабақшаға жетелеп әкелген көпбалалы ана да бүгінгі ертеңгілікте бүлдіршіндердің өнерін тамашалады. Ол бөбекжайдағы тәрбие баланың дұрыс дамуына тікелей әсер етеді дейді.
– Балабақшаға 2000 жылғы балам 3 жасында келді. Ертеңгіліктің балаларға көп пайдасы бар. Шығармашылық дамиды, – деді ата-ана Сандуғаш Түкебаева.
Оқи отырыңыз: Алматының дизайн-коды жеті қосымшадан тұрады