|
13.02.2023 | 17:22
5482

Биылғы ҰБТ қалай өтеді

Бұл туралы ҚР Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтып берді

Биылғы ҰБТ қалай өтеді ашық дереккөзден

ҚР Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев 2023 жылғы ҰБТ-ға қандай өзгерістер енгенін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Биыл да талапкер ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады: қаңтар, наурыз тамыз айларында ақылы негізде оқу үшін, мамыр-маусым айларында өтетін негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.

«ҰБТ-2023 форматында өзгерістер жоқ. Алайда, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндерінің тапсырмалар саны өзгерді. Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест сұрағы ұсынылады. Барлығы – 120 тапсырма, ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағат (240 минут) болып қалады. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар, жауап нұсқаларының саны азайған. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайған.

Ең басты жаңалықтардың бірі – 2023 жылғы қаңтардан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.

«Бұған дейін IT саласына түсушілер «Математика-Физика» пәндерін таңдайтын. Тестілеуге дайындықты жақсарту үшін оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға – қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға – қазақша-орысша аудармасы ұсынылады. Сондай-ақ, барлық талапкерлерге компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Тестілеу орталығы кестелерді қағаз түрінде де таратады, оқушылардың өздеріне әкелуге рұқсат жоқ», - деп түсіндірді спикер.

ҰБТ-ға дайындықты жақсарту мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы өз сайтында және әлеуметтік желілерінде тест жоспарын, ҰБТ-да кездесетін Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихынан 100 тарихи датаны, Информатика пәнінен терминдер тізімін, Қазақ әдебиеті және орыс әдебиеті пәндерінен сұрақтар келетін шығармалар тізімін жариялады.

Айта кетейік, қаңтар айындағы ҰБТ-ны 123 мың адам тапсырды. Тестілеу қорытындысы бойынша 102 мыңға жуық талапкер шекті балл (50) жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 83%-ын құрайды. Ал 21 мыңнан астамы (17%) шекті балл жинай алмады.

Жалпы ҰБТ орташа балы 76 балды құрады. Ең жоғары балл – 139, оған Қазақстан бойынша 5 талапкер қол жеткізген.

Сондай-ақ, IELTS сынағынан 5.5 және 5.0. ұпай алған талапкерлер ағылшын тілінен ҰБТ тапсырмауы мүмкін.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир