Алматыда оқушылар арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Доданы «Алаш жастары» клубы ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың айтуынша, байқаудың мақсаты – оқушылар арасындағы дебат қозғалысын дамыту мен насихаттау. «Тәуелсіздік СUP-1» деп аталған байқау әрі қарай да жалғасын табуы тиіс» дейді ұстаздар қауымы.
– Оқушылардың осы сайысқа деген құлшынысы өте жоғары деңгейде. Осы сайыста мықты жеңімпаз шығады деп ойлаймын, – деді №178 мамандандырылған лицей директоры Қайратбек Шәдиев.
– Сөз жарыста мәдениетті сақтауға, бір-біріне мейірімді болуға, ұжымдасуға, осы қоғамда болып жатқан кез келген мәселеге сыни көзқараспен қарап, ұсыныс жасауға бала үйренеді. Басты мақсат – баланы өмірге сын көзбен қарауға дайындау, – деді №178 мамандандырылған лицей мұғалімі Эльмира Рапилова.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 40 команда келіп, 80 оқушы қатысты. Олар – өз аймағында топ жарып, үздік шыққандар.
– Қазіргі таңда жастардың арасында білім сапасының төмендеуі іс-шараны ұйымдастыруға себеп болды. Дебат біздің ізденуімізге, ойлануға мүмкіндік береді. Жастарды осындай жаңа белеске шығарып, дамыту үшін үлес қоссақ деген ниетпен турнирді ұйымдастырып жатырмыз, – деді оқушы Ботакөз Орынбасарқызы.