Жылыой ауданында 617 түлек ҰБТ тапсырады

06.06.2024 20:43

8 оқушы денсаулығына байланысты сынақтан босатылған

Almaty.tv

Су тасқыны кезінде зардап шеккен Атырау облысына қарасты Жылыой ауданында 617 түлек ҰБТ тапсырады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал 11-сыныпты бітірген оқушылар саны бұдан 67 адамға көп. Қазір олардың алғашқы легі мемлекеттік емтихан тапсыруды бастап кетті. Бұл қатардағы 8 оқушы денсаулығына байланысты сынақтан босатылған. Осы және өзге ақпарды бүгін аудандық білім бөлімі жариялады. Ресми мәліметке сүйенсек, жылыойлық 9-сынып оқушыларының 30 пайызы білім алуды колледжде жалғастыруға ниетті.

– 9-сыныпты 1606 оқушы бітіреді. Барлығы мемлекеттік емтихан тапсырып жатыр. Олардың 30 пайызы колледжге тапсыруға ниеттеніп отыр, – деді Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлжансара Таңатарова.

Айта кетейік, Жылыой ауданында 20 оқу ордасы бар. Қазір өңірде жазғы үйірмелердің жұмысы қызу жүріп жатыр.

Ал Атырау облысында апаттан келер қауіп азайған. Ақжар ауылындағы бөгет толық нығайтылып, аталған аумақта тасқыннан қорғау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы SANA Sport орталығына барды