Ақтауда жүздеген оқушы әлі күнге дейін мектепке бармаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шалғайдағы шағынауданға қатынап оқитын оқушылардың ата-аналары мектеп ашылады деп қуанған. Бірақ үйдің іргесіндегі оқу орны жұмысын бастамаған. Оқушылардың оқу бағдарламасынан қалғанына екі апта өтті. Балаларының біліміне алаңдаған ата-аналар жиналып, мәселені шешіп беруді талап етуге облыс әкімдігіне барды. Олардың айтуынша, мектепке құжатты дұрыс қабылдамаған. Ал білім ордасының 1 қыркүйекте ашылмайтыны 27 тамызда белгілі болған.
– 16 қыркүйек болды, балам әлі мектепке барған жоқ. Білім бөліміне хабарластық, «күтіңіздер» деді. Ал № 21 мектеп қабылдаған жоқ. Қай мектепке берерімді білмейміз?, – деді ата-ана Әсем Оразбаева.
– Мектепке барғанда «өзіміз хабарлаймыз, неге келе бересіздер?» деп шығырып салды. Сол мектептің ашылуын күтіп отырған 400 жүздей ата-ана Маңғыстау әкімдігінің алдына жиналуға мәжбүр болдық. Себебі бізді ешкім естіген жоқ, – деді ата-ана Нұрзат Шоқанаева.
Қалалық білім бөліміндегілер «мектеп құрылысын жүргізген мердігер компания құжатты кешіктірді» деп отыр. Жауапкершілікті жан-жаққа сілтеген жергілікті билік оқушылардың оқу бағдарламасынан қалып жатқанынан хабарсыз.
– Жаңадан іске қосылатын мектеп дайын. Құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының жүргізілуіне орай, объектіге балаларды жібере алмай отырмыз. Мердігер мекемелер уақытылы құжаттарды рәсімдемеуіне байланысты жұмыс кешіктірілді, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Тоты Күлметенова.
Айта кетейік, білім ордасы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 1қыркүйекте қолданысқа берілуі керек. Енді шенділер «оқушылар келесі жұмада жаңа мектептің партасында отырып білім алады» деп уәде берді.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Коменданттың бөлмесіне кіріп, шықпады: жұмбақ жағдайда көз жұмған қыздың туыстары әділдік сұрайды