Талдықорғанда белгісіз жағдайда қайтыс болған студент қыздың туыстары әділдік сұрайды. Олар тергеудің созбалаңға салынып кеткеніне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жазира Тоғасбаева жалғыз қызынан айрылғанына әлі де сене алар емес. 9 сыныпты бітірген Заринасы үлкен арманның жетегінде қалаға оқуға аттанған. Ол Талдықорғандағы инновациялық колледждің филология факультетіне түскен. Алайда арада 6 ай өткенде Зарина оқу орнының жатақханасында белгісіз жағдайда көз жұмды.
– Жеті ай болды, қызымның неден қайтыс болғаны жұмбақ? Ақиқаты болуы керек. Іс тергеліп жатыр, неше ай болды, ешқандай ақпарат жоқ, – деді марқұмның анасы Жазира Тоғасбаева.
Медициналық сараптама қыздың уланғаны туралы қорытынды шығарған. Бірақ туыстары мұнымен келіспейді. Өйткені анасы сол күні ғана қызымен кездескен. Ешбір сырқаты, тіпті уайымы да болмағанын айтты. Жатақханада не болғаны әзірге белгісіз. Бойжеткен коменданттың бөлмесіне өзі барып, қайта шықпаған. Бір емес екі жедел жәрдем көлігі келіп, дәрігерлер қызды аман алып қалу мүмкін болмаған.
– Бейнематериалды ашып көрдік. Оқиғаның қалай болғанын бейнекамерадан байқадық. Сағат 19:27-де Зарина ойнап-күліп жүр. Ал сағат 20:03-те дәлізге шығып, 2 секунд коменданттың бөлмесінің есік алдына тоқтайды, әрі қарай өтіп кетіп, кабинетке сағат 20:04-те қайта кіреді. Сол кабинеттен қызымыздың денесін алдық, – деді марқұмның туысы Айым Жиынбек.
Жәбірленушінің заңды өкілі іс әділ тергеліп жатқанына күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, жатақханадағы бейнежазба жоқ болып кеткен. Сондай-ақ Зарина қолданған телефон нөмірінен келген смс-хаттар да өшірілген. Ал департаменттегілер тергеудің ұзаққа созылуын қосымша сараптамалардың тағайындалуымен түсіндірді.
– Іс бойынша жатақханадан алынған бейнежазба қылмыстық іске тіркелді. Қазіргі таңда жәбірленушінің заңды өкілінің өтінішімен қосымша сот дәрігерлік сараптама тағайындалды. Тиісті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін заңды процессуалдық шешім қабылданады, – деді Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Арман Сұлтанұлы.
Полицейлер қылмыстық істі тергеу уақыты заң аясында ұзартылғанын мәлімдеді. Ал жақындары қосымша сараптамалар жүргізуді сұрайды, өйткені мәйітті жуындырғанда оң көзінің маңынан соққы ізі мен астыңғы ернінің ішінен жырылып кеткенін байқаған.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында жас жігітті аяусыз соққан күдікті ұсталды