Бағдарламаның негізгі мақсаты – мектеп кітапханасын балалар әдебиетімен қамтамасыз ету
Мектептердегі кітапхана қоры жаңа кітаптармен толығады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырған болатын. Болашақ ұрпақты ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін бүгінде кітаптардың тізімі жасақталды. Оған қазақ әдебиеті тарихының барлық дәуірі мен кезеңін, жанрлық бағытын қамтитын 1770 шығарма енді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Балалар кітапханасы» бағдарламасында жасақталған тізімнің 76%-ы — отандық болса, қалғаны әлем әдебиетінің таңдаулы еңбектері. Себебі Президент елімізге шетелдік кітап көптеп келетінін айтып, отандық кітап үлесін арттыру мәселесіне тоқталған еді. Бағдарлама аясында мектептер өз тапсырысын беріп, жаңа жобаларды қолға алды.
«Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Балалар кітапханасы» жобасын жүзеге асыру туралы айтылған. Міне, осы тапсырма бойынша қазір Алматы қаласының білім басқармасы да жұмыс атқарып жатыр. Мектепте 750-ге жуық отандық әдеби кітап бар. Сонымен қатар шетел классиктерінің аудармасы балаларға қолжетімді», – деді №173 мектеп-лицейінің директоры Ләйлә Байымбетова.
«Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімін жасақтау үшін мамандардан құралған арнайы комисся жұмыс істеді. Жасақталған тізімнің 40% – көне классикалық әдебиет, 30% – «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет», 24% – әлемдік әдебиеттің үздік үлгілері.
«Күзде біз жалықпаймыз, кітап оқимыз» жобасы аясында Алматының 215 мектебінен оқушылар белсенді қатысып, 500-ге жуық іс-шара өткізілді», – деді қалалық білім басқармасының әдіскері Зульфира Бибалинова.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – мектеп кітапханасын балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында электронды кітапхана қоры толықтырылған.
Оқу-ағарту министрілігінің мәліметінше, қазіргі күні мектептегі балалар әдебиетінің қоры 40 миллионға жуық. Ал «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында берілген тапсырыстар келесі жылға дейін мектептерге толық қолжетімді болады деп жоспарланып отыр.
Жансая Олжабек, Медет Саматов, «Алматы» телеарнасы