Жаңа оқу жылының басталуына да аз қалды. Ата-аналар баласын мектепке дайындап, оқушының керек-жарағын түгендеуге кірісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мектепке дайындық маусымында жылда бағаның құбылатыны бар. Былтыр бір баланы киіндіру шамамен 100 мың теңгенің айналысында болды.
- Қарлығаш апай, сәлеметсіз бе! Сауда қалай жүріп жатыр?
- Сауда әзірше жай болып тұр. Жұрттың жалақысы енді түседі, енді қыбырлайды деп ойлаймын. Бірақ баға былтырға қарағанда қымбаттау. Осы жерден сөмке, кеңсе тауарларын алатын болса, түсіріп беріп жатырмыз.
- Жәрмеңке қанша уақытқа созылады?
- Қыркүйектің аяғына дейін ала береді, - дейді саудагер Қарлығаш Құрбанова.
Тамыз түскелі үйдегі ата-ананың уайымы да көбейген. Бір баланың өзін мектепке әзірлеу оңайға соқпай тұр. Сатушылар да биыл бағаның былтырғыдан өскенін айтады. Сөреде сабаққа қажетті құралдар самсап тұр. Бағасы да әркелкі. Мәселен, базар алдындағы жәрмеңкелерде дәптер 5 теңгеден 25 теңге аралығында саудаланып жатыр. Ал ұл-қыздың жейдесінің құны қатты айырмашылық жоқ. 4 мың мен 8 мыңға дейін таба аласыз.
- Міне, үш немеремді ертіп келдім. Соларды сабаққа дайындап киім алып жатырмыз. Бағалары орташа сияқты. Сатушылардан сұрасаң, әйтеуір түсіріп беріп жатыр.Үш немерем бар. Ауылдан қыдырып келген үшеуін киіндіріп жатырмыз, - дейді Жетісу облысының тұрғыны Раушан Қалиманова.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға 43 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырыпты. Аталған көмек көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі. Ол үшін мектеп әкімшілігіне өтініш қалдыру керек.
- Бұл 5 түрлі санатқа берілетін көмек. Бірінші АӘК, күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар, жетім және ата-анасыз қалған балаларға көмек тиесілі. Тиісті қаражат қазір барлық өңірде жеткілікті түрде бөлінді. Ақша жергілікті бюджеттен қарастырылады. Әрбір мектеп арқылы төленеді. Яғни, мектеп директорының атына өтініш жазады, шешім қабылданған соң ата-ананың шотына ақша аударып береді, - дейді ҚР оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.
Министрлік есебінше, елімізде 500 мың бала қаржылай қолдаумен қамтылады. Қазірдің өзінде 77 мыңнан астам оқушы үшін 3,4 млрд теңге аударылыпты.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана.
Оқи отырыңыз: Жарамсыз диплом: медицина факультетінің студенттері шу көтерді