Білімді ұрпақ тәрбиелейміз: Алматыда Нұрлан Қаппаров атындағы стипендияның панельдік сессиясы өтті

28.06.2024 21:07

Әр жылдардағы стипендия лауреаттарының лекциялары оқылды

elements.envato.com

Шәкіртақы иегерлері Гарвардтың Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебіне қалай түсуге болатынын айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Іс-шараға қала әкімі Ерболат Досаев та қатысты. Басқосуда әр жылдардағы стипендия лауреаттарының лекциялары оқылып, презентациялары көрсетілді. Ал қызығушылық танытқандарға Гарвард Кеннеди мектебінің қабылдау комиссиясының өкілдерінен жауап алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ іс-шарада көрнекті мемлекет қайраткері Нұрлан Қаппаровтың өмірбаяны туралы бейнероликтің тұсаукесері өтті. Айта кетейік, аталған панельдік сессия - Гарвард Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде білім алу мәселесін көрсетуге бағытталған іс-шара. Сондай-ақ, бұл жиын Қазақстан мен Орталық Азиядан осы білім ошағының магистратура бағдарламасына түсушілер үшін мемлекет қайраткері, кәсіпкер Нұрлан Қаппаровты еске алуға арналған.

- Нұрлан Қаппаров атындағы стипендиялық бағдарламаның тұсаукесері өтіп жатыр. Осы уақыт ішінде біз оның адамдарға көмектесу, табысқа жету, өз жолын табу секілді биік ұстанымдарын қалай жеткізсек екен деп көп ойландық. Стипендия бағдарламасының өзі бірегей және Орталық Азияда жалғыз. Оны Гарвард университетінің өзі қолдап, оның түлегі Нұрлан Қаппаровты үлкен құрметпен мойындады. Бағдарлама ашық, кіл мықтыны Гарвардтың қабылдау комиссиясы таңдайды. Барлығына тең мүмкіндіктер берілген, - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

- Нұрлан білім беруді стратегиялық маңызды инвестиция деп білетін. Мұның экономиканың өсуіне ықпал ететінін терең түсінді. Нұрлан әрқашан жастарды қолдап жүретін. Әркім сапалы білім алуға лайық деп есептеді. Сондықтан біз Гарвард Кеннеди мектебінде магистранттарға арналған стипендиялық бағдарлама құруды шештік. Қазір сегіз адам білім алды, енді біз өскелең ұрпақты ынталандыру үшін ашық панельдік сессия ұйымдастыруды жөн көрдік, - деді «Нұрлан Қаппаров қорының» тең құрылтайшысы Гаухар Қаппарова.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады