Студенттер алдағы семестрде қалай оқиды – БҒМ жауабы

Almaty.tv
Almaty.tv
Министрлік үш қаланың оқушылары ІІІ тоқсанды онлайн оқитынын мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының мектеп оқушылары III тоқсанды онлайн форматта оқиды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Каримова жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, ІІІ тоқсан 18 наурызға дейін жалғасады. Қазіргі уақытта мектептерді техникалық тұрғыдан қамту жұмысы аяқталып жатыр. Сонымен қатар, басқа өңірлерде де 600-ден көп оқушысы бар мектептер қашықтан оқуға көшуі тиіс.

«1-2-сынып оқушыларының жас ерекшелігі ескеріле отырып, штаттық форматта жүргізіледі. Ал 3 және 5-сынып оқушылары үшін кезекші топтарда жүргізіледі. Қалған білім алушылар қашықтан оқыту форматына көшіріледі. 600 оқушыдан аспайтын мектептер штаттық режимде жұмыс істейді. Барлық ауыл мектебі штаттық режимде болады», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Каримова.

Ал жоғары оқу орындары каскадтық әдісті қолдана алады. Яғни студенттердің шоғырлануын барынша азайту үшін білім беру процесін оқу курсы мен бағыттарына байланысты 24 қаңтар мен 6 ақпан аралығында кезең-кезеңімен ұйымдастыруға болады. Мысалы, 1 курс студенттері оқуды 24 қаңтарда бастаса, 2 курс студенттері 31 қаңтарда, ал 3-4 курс студенттері үшін сабақ 7 ақпанда басталады.  

«Жоғары оқу орнының шешімі бойынша оқу процесі толығымен дәстүрлі форматта немесе аралас форматта ұйымдастырылуы мүмкін. Айтар болсақ, дәрістер онлайн, ал практикалық және семинар, зертханалық сабақтарды офлайн режимде өткізуге болады. Студенттердің практикасын да дәстүрлі форматта ұйымдастыруға болады», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Новости партнеров