Мұғалімдер білім сапасын арттыру тақырыбында өзара тәжірибе алмасты
«Ізденіс. Тәжірибе. Шешім». Алматы облысының Қарасай ауданында осындай атаумен мектеп ұстаздары арасында форум өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған аудандағы 52 білім ордасының басшылары мен орынбасарлары қатысты. Мұғалімдер білім сапасын арттыру тақырыбында өзара тәжірибе алмасып, оны практикалық тұрғыда қолданып көрді. Сабақ берудегі жаңа әдістемелерді меңгеріп, бүгінгі жаңашылдықты талқылады. Қарасай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара биыл бірінші рет өткізіліп отыр.
– Қазіргі заманда бұрынғыдай отыр, тұр дегенді тыңдайтын бала жоқ. Әр бала тілін табу керек. Шектеулерді алып тастау керек. Мүмкін баламен бала болу керек шығар. Қазір біліктілікті арттыру курстары көп. Мұғалімдердің көбі оған сертификат немесе категория қорғау үшін барып жатады. Ол жерге білім алу үшін бару керек, – деді С. Демирел университеті орта білім беру бөлімінің меңгерушісі Дархан Татамбаев.
– Қарасай аудандық білім бөлімі және орталық меморандумға қол қойған. Бір-бірімізбен тәжірибе бөлісіп, білгенімізді насихаттаймыз. Мақсат – білім сапасын көтеру, – деді Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми әдістемелік орталығының маманы Назима Жақыпова.
Оқи отырыңыз: Банктер 2025 жылдан бастап табысынан салық төлейді