Алматыда мектептегі компьютерлер арқылы қандай сайтқа шектеу қойылады

23.02.2023 21:18

Мектептегі ақпараттық қауіпсіздікті бақылау мақсатында қолға алынған бастама пилоттық режимде іске асырылып жатыр

korabelov.info

Бүгінде бесіктен белі шықпай жатып анайы видео көретін балалар қатары жиілеген. Енді мектептерге арнайы орнатылған компьютерлер арқылы көптеген сайтқа шектеу қойылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефонға телмірген заманда интернеттің пайдасы да, зияны да көп. Ата-аналардың айтуынша, мектеп жасындағылардың көбі соның жағымсыз тұсына әуес.

«Телефон алды, компьютер алды 3-4 сағат бізді мазаламайды, жақсы болды» дейтін ата-аналар да бар. Бірақ оның зиянды тұсы аз емес», – деді ата-ана Азат Нүкішев

«Менің 3 ұлым бар. Үшеуі де телефон ұстайды. Интернет қосылған. Өйткені бұл – заман талабы. Бірақ үйде телефондарын әкесі немесе мен бір мезгіл ақтарып, қадағалап отырамыз. Қазіргі таңда «ата-ана бақылауы» деген жүйе жұмыс істейді, соны қосып қоюға болады», – деді ата-ана Гүлнұр Қайыпова.

Ал мектеп психологтарының айтуынша, барлық ата-ана баласының қолындағы телефонын бақыламайды. 

«Біз жақында ғана сараптама жасап көрдік. Анықталғандай, 6 мен 11-сынып аралығында оқитын балалардың 27 пайызы смартфонға күніне 3-4 сағат арнайды. Мұның өзі олардың психикасына әсер етеді. Ойлау қабілетіне де зиян. Біз өз тарапымыздан балаларға да, ата-аналарға да ескертіп отырамыз. Жасыратыны жоқ, көбі мұны ескере бермейді», – деді психолог Лариса Омилаева

Ақпан айының ортасында ақпарат көздерінде «оқушылардың сабақ үстінде анайы видео көріп жатқаны» туралы мәлімет тарады. Бұған ресми жауап берген Алматы прокуратурасы тыйым салынған сайттар бұғатталса да, күн сайын жаңасы ашылатынын айтты.  

«Прокурорлық қадағалау акциясы бойынша Білім басқармасы арнайы бұйрық қабылдады. Соның негізінде ғылыми әдістемелік орталыққа тапсырма берілді. Олар өз тарапынан күнделікті мониторинг жүргізіп, тыйым салынған сайттарды «қара» тізімге енгізеді», – деді  қалалық прокуратураның ресми өкілі Нұрсұлтан Жиделбай.

«Қазірдің өзінде 5 мыңнан астам сайт «қара» тізімге енді. Бірақ біз физикалық тұрғыда үлгермей жатырмыз. Себебі біреуін бұғаттасаң, жаңасы пайда болады. Ал оны бірінші анықтау керек. Сондықтан бағытты өзертіп, өзге жоспар құрып жатырмыз», – деді «Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми әдістемелік орталығы» КММ директоры Андрей Дупик.

Бұдан былай мектептерге арнайы орнатылған компьютерлер арқылы көптеген сайтқа шектеу қойылмақ. Бұл дегеніміз, оқушылар егер де экстремистік бағыттағы немесе анайы материалдардың сілтемесіне өтсе, бірден бұғатталады. Алайда бұл компьютерлерге ғана қатысты болып отыр. Ұялы телефоны бар оқушылар, интернетті емін-еркін ақтара алады.

Мектептегі ақпараттық қауіпсіздікті бақылау мақсатында бүгінде сайттарды бұғаттау әзірге 1 мектепте пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Жауаптылар қыркүйекке қарай бұл тәртіпті Алматыдағы барлық білім ордасына енгізуді жоспарлап отыр. Десе де мамандар да, мектеп ұстаздары да бала тәрбиесінде ең әуелі ата-ана жауапты екенін атап өтті. Сондықтан олардың тарапынан қадағалау күшейгенін қалайды.

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы