Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі жемқорлық фактілері жөнінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кету керек, агенттік тұлғалардың іссапар кезіндегі қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және төменгі құрылымдарды тексеру мәселесін бақылауға алған. Бұған облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде түсетін шағымдары негіз болды. Мысалы, 20 маусымнан 30 маусымға дейін барлық өңірлерде Ұлттық бірыңғай тестілеуі өткізілді.
«Осыған байланысты, біз өңірлерге бағытталған Білім және ғылым министрлігінің 169 комиссиясының қызметіне оперативтік қолдау көрсеттік. Әрбір комиссияның құрамына 15 адамнан кірді, соның ішінде мұғалімдер, техникалық қызметкерлер, бағдарламашылар және басқалар болды. Осы жұмыстың нәтижесінде біз қылмыстық құқық бұзушылық фактілерін анықтадық», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин брифингте.
Мәселен, Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары және Қандыағаш қаласы №4 мектебінің директоры Білім және ғылым министрлігі комиссия кездесулерін ұйымдастыру үшін жалпы орта және мектепке дейінгі мекемелердің директорларынан ақша жинаған.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жиналған ақшаның жалпы сомасы - 540 мың теңге.
«Шымкент қаласында ҰБТ-да жоғары балға уәде беріп, одан әрі грантқа түсуге көмек көрсету үшін М.Кеңесбайдан алдын ала алған 500 мың теңгенің 125 мың теңгесін қайтару кезінде Шымкент білім басқармасының маманы ұсталды», - дейді Арман Бердалин.
Бұған қоса, жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары Білім және ғылым министрлігінің комиссия өкілдеріне, атап айтқанда, ҰБТ өткізуге жауапты тұлғалардың бос уақытын ұйымдастырғаны жөнінде ақпарат келіп түсті.
Атап айтқанда, Жамбыл облысында жергілікті филиалдың жетекшісі комиссия мүшелеріне арнап 25 адамға мейрамханада ішімдік қосылған керемет кешкі ас ұйымдастырған.
Сондай-ақ Алматыда Білім және ғылым министрлігінен жіберілген комиссия мүшелерінің бейәдеп іс-қимыл фактілері тіркелген, яғни олар ойын-сауық мекемесінде алкогольді ішімдік ішкен. Факті бойынша қызметтік тексеру басталды. Жоғарыда көрсетілген әрекеттерге қатысты барлық лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады.