Елімізде 15 мыңға жуық оқушы робототехника бойынша білім алады. Бұл туралы инновациялық технологияларға қатысты өткен шеберлік сағатында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға мектеп оқушылары қатысып, жас инженерлер қоғамдағы түрлі салаға септігін тигізетін жобаларын ұсынды. Сондай-ақ көрмеде робототехниканың жетістіктері сөз болып, қатысушылар бағыты мен бағдары бөлек түрлі ойынға атсалысты. Ұйымдастырушылар «игі іс-шара инновациялық-индустриалды Қазақстанның болашағын жарқын етпек» дейді.
– Бүгін оқушыларға прототиптер мен шағын чиптердің қалай жасалатынын көрсетеді. Сондай-ақ олар үйреніп қана қоймай, командамен жұмыс істеу дағдысын шыңдайды, – деді мектеп-гимназия директоры Динара Жанұзақова.
Мектеп оқушыларының айтуынша, роботты жобалау, модельдеу, одан әрі іске қосу процесіне 1 апта уақыт кетеді. Олар қозғалып, белгілі әрекет орындай алатын роботтарды тәлімгерлерімен бірге жасап жүргенін айтты. Енді жас робототехниктер Әзербайжанда өтетін додаға қатыспақ.
– Біз роботты 7 күн күннің ішінде құрастырдық. Бірінші күні негізін жасасақ, одан соң инженерлік жұмыстарды қолға алдық. Енді Әзербайжанға жарысқа барамыз. Бас жүлдеден дәмеліміз, – деді оқушы Жәңгір Көксал.
Оқи отырыңыз: Ашық есік күні: Алматыда студенттер ардагер прокурорлармен кездесті