2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсті

egemen.kz
egemen.kz
Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін де қосымша ақы қарастырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша балабақша тәрбиешілерінің, мектеп мұғалімдерінің, колледж оқытушыларының, әдіскерлердің, қосымша білім беру педагогтерінің жалақысы тағы 25%-ға өсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді. Осылайша, мұғалімдердің жалақысы қазіргі уақытта екі есеге артты.

«Ел Президентінің қолдауы арқасында мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар олардың жалақысына қосымша төлемдер белгіленді. Бұл  біліктілік санаты, магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде жүргізу, дәптерлерді тексеру, сынып жетекшілігі, жаңартылған мазмұндағы жұмыс және тәлімгерлік үшін қосымша төлемдер. Мұғалімдердің жалақысын көтеру өз нәтижесін беріп жатыр. Педагог мамандығына университеттің үздік түлектері мен «Алтын белгі» иегерлері келе бастады. Бұл болашақта балалардың оқуына оң әсерін тигізеді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін де қосымша ақы қарастырылған. Биылғы қыркүйек айынан бастап кадр тапшылығы бар өңірлерге тартылған мұғалімдерге лауазымдық жалақысының 150% мөлшерінде қосымша төлем белгіленді.

Мұғалімдердің жалақысы білім деңгейіне, біліктілігіне, жұмыс өтіліне, оқу жүктемесіне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептелетінін еске сала кетейік.

Новости партнеров