Бүгін кезекші топтарда оқитын 2 мың бала алғаш рет мектепке барды. Жаңа оқу жылына дейін тексерілген білім ордаларының барлығы жаңа форматта оқытуға толықтай дайын екен. Жұмысбасты ата-аналардың өтінішімен мегаполис бойынша 193 кезекші сынып оқу процесін бастап кетті. Ал, №96 мектепке бүгін 33 бастауыш сынып оқушысы келді. Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай қатысып қайтты.
Балалар мектепке кірмес бұрын күнделікті мына дезинфекциялық тоннелден өтуі тиіс. Әрі қарай олардың қызуы өлшеніп, антисептик құралымен қолдарын залалсыздандырады. Сондай-ақ, өзімен бірге бетпердесі жоқ оқушыға жаңа маска беріледі.
Бұл білім ордасында бірінші және екінші сынып оқушылары үшін арнайы 4 кезекші топ ашылған. Әр кабинеттегі бала саны 15-тен аспайды. Өзара 1,5 метр арақашықтықта қойылған әр партада тек бір ғана оқушы отырады. Сондай-ақ, күнделікті кестеге қойылатын сабақтардың саны 3 пәнге дейін шектелген. Сондықтан математика, сауат ашу, дүниетану мен жаратылыстану сияқты негізігі пәндер мектепте өтсе, орыс тілі, ағылшын тілі, өзін-өзі тану, көркем еңбек сияқты пәндер қашықтан оқытылады.
«Оқушыларымызды бүгін қабылдап алғанымызда дене қызуын өлшеп, тамақтарының қызарғаны жоқ па, біздің медбике өзі тұрып, соны тексеріп түгелдей. Содан кейін барып мектепке кіргізіп, сыныбына отырғызып, оқушылардың арақашықтығын сақтап, әр балаға қандай қорғаныш құралын бердік. Бетпердемен қамтамасыз етіліп оқушы сыныпқа отырғызылды», – деді қалалық №96 мектеп директоры Райгүл Жұмағалиева.
Ал, бұл Исмаил есімді 6 жасар бүлдіршін. Бүгін бірінші сыныптың табалдырығын аттаған ол әр сабақтан соң антисептик құралын пайдалынып, бетперде тағып жүремін дейді. Кішкентай білім алушы қарапайым карантин ережелерін де жатқа біледі екен.
«Мектепке келгенде антисептик алу керек қолыңа. Маска киіп кіруі керек. Арақашықтық сақтауы керек», – деді қалалық №96 мектеп оқушысы Исмаил Құдайберген.
Ал, төтенше жағдай кезінде кейбір жұмысбасты ата-аналар үшін баланы үй жағдайында оқыту оңай болмаған. Көптеп түскен өтініштерге байланысты бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылып отыр.
«Бүгін балам алғашқы күн мектепке келді. Мектептен оқығаны дұрыс деп санаймыз, өйткені бұл жерде білімді мамандар береді. Олар жақсы білім береді бізге ата-аналарға қарағанда. Үйде бала еркелейді, тыңдамайды. Ал, мектепте ол басқаша жағдайда оқиды», – деді қала тұрғыны Гүлзира Саржанова.
Одан өзге, қаладағы 30-ға жуық жекеменшік білм ордаларында да кезекші топтар ашылды. Жекелеген мектептердегі мұндай сыныптарға шамамен 200-дей бала жазылған.
Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы