40 жыл телескопта: алматылық ғалым қандай да марапатқа болсын лайық

40 жыл телескопта: алматылық ғалым қандай да марапатқа болсын лайық
Ғалым дүниежүзіне тарап кеткен 170-тен астам ғылыми еңбектің авторы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының ғалымдары аспан денелерін, ғарыш процестерін, жұлдыздардың қозғалысын зерттеуде айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп келеді. Бұл салада аянбай еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Анатолий Кусакин. Фесенков атындағы астрофизикалық институты қызметкерінің ғылыми еңбектеріне тіпті сілтеме жасайтын арнайы шетелдік басылымдар да аз емес. Биылғы жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты мемлекеттік марапатқа ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қазір ол Үлкен Алматы көлі маңындағы Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясында жұмыс жасайды. Бірақ бұл стратегиялық маңызы бар нысан туралы жұрттың көбі біле бермейді. Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясының дәл осында орнығуы да бекер емес. Мұннан аспан денелерін оптикалық аспаптармен бақылап, зерттеу өте ыңғайлы дейді ғалымдар.

Анатолий Кусакин - белгілі қазақстандық астрофизик-ғалым, өмірінің 50 жылдан астамын бақылау астрономиясына арнап келеді. Бұрындары барлық мәліметтерді осы суық жерде жинайтынбыз десе, қазір телескоптың көмегімен қажет сурет компьютердің бетіне шығып, оны әлемнің кез-келген жерінен басқаруға болатынын айтады.

Осылайша, Анатолий аспан денелерінің қозғалысын бақылап, оны өзінің ғылыми еңбегіне енгізіп отырады. Бүгінге дейін ғалым дүниежүзіне тарап кеткен 170-тен астам ғылыми еңбектің авторы. Биыл сол жұмыстары үшін астрофизикке «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасы табысталды.

«Астрономия – менің өмірім. 12 жасымда өзімнің кәсіби астроном болатынымды сездім. Ал 14 жасымда нақты қай бағыт бойынша, яғни құбылмалы жұлдыздарды зерттеумен айналысатынымды түсіндім. 57-інші жылы таңғажайып комета көрдім, ғажайып ғарыш кемелерінің іске қосылғанын көрдім. Мұндай нәрселер өмір бақи есте қалады ғой», – дейді В. Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институттың ғалымы Анатолий КУСАКИН.

Ғалым Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясында 40 жыл жұмыс істеп келеді екен. Тіпті қиын-қыстау кезеңдерде жалғыз қалған кездері де болған. Сүйікті ісімен айналысып, ол апталап, айлап жұмыс істейтінін де жасырмады. «Мұның бәрі ғылымға қандай да үлес қоссам деген ниетпен жасалып жатыр», - дейді ғалымның өзі.

Сая Меңдеке, Ольга Зенченкова, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров