Бұл оқушылар саны бойынша соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш
Бүгін еліміздің бүкіл мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Республика бойынша 3 млн 500 мың оқушы асыға күткен жазғы демалысқа шығады. Ал мектепті 17 мыңнан астам түлек бітіріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін еліміздің бүкіл мектептерінде таңнан бастап қарбалас. Мұғалімдер мектеп алдында өз сыныбындағы балаларды түгендеп әлектенсе, бар жақсысын киіп, қолдарына гүл шоғын ұстаған оқушылар әдеттегіден ерте келді. Мұндай ауқымды мерекелік жиын қала мектептерінде соңғы 2 жылдан бері өтпеді. Пандемия кесірінен бұған дейін соңғы қоңырау онлайн соғылып келген еді. Әсіресе, бүгін мектеп бітіруші түлектер үшін ерекше күн. 11 жыл партаны серік еткен олар ұстазымен, білім ордасымен қоштасты. Болашаққа үлкен үміт пен сенім арқалаған оларға алда мол жауапкершілік жүктелген.
«Мектебің мынау – класың, осында 10 жыл тұрасын». Кеше тарыдай болып кірген оқушылар, бүгін таудай болып алтын ұя мектебімен қоштасып жатыр. Еліміз бойынша биыл 17 мыңнан астам түлек бар.
Қаладағы Ломоносов атындағы №38 мектеп-гимназиясында 1880 оқушы оқиды. Оның 77-сі мектеп бітіруші түлек. Оқу жылы аяқталмай жатып, білім ордасындағы 18 талапкер студент атанып үлгерген. Шетелдің түрлі университетінен жолдама ұтып алған.
«Мен биотехнология саласына оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Болашақта зертханада жұмыс істегем келеді. Бұл мамандық менің бала күнгі арманым», – деді М. В. Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Айнель Досалиева.
Биыл қала бойынша мектеп бітірушілер саны 12 мың 355. Оның 613-і «Алтын белгіге» үміткер. Алда олар үшін жауапты емтихан. 11 жыл оқыған білімдерін Ұлттық біріңғай тестілеуде сынайды.
«Биылғы жылдың жақсы жаңалықтарының бірі – мектеп бітіруші түлектеріміз екі рет ҰБТ тапсыру арқылы грантқа ие бола алады. Түлектер 16 мамырдан бастап Ресублика бойынша ҰБТ тапсырып жатыр. Ол 5 шілдеге дейін жалғасады. Осы екі аралықта мектеп бітіруші түлектің грант алуға екі рет мүмкіндігі болады», – деді Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова.
Айта кетейік, биыл еліміздің бүкіл білім ордасында жазғы мектептер ұйымдастырылған. Білім министрлігінің шешімімен 26 мамыр мен 17 маусым аралығында оқушылар сабаққа өз еркілерімен келе алады. Мақсат – білім сапасын арттыру. Осылайша, пандемия мен шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік туады.
Ұлағат Арғын, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы