«Алматының жыл мұғалімі» байқауының иегері: Оқушылар амандасудың орнына, формула айтып өтеді

Назым Қыдырбайқызы
Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Үш тілді жетік меңгерген Дарын Сайынов жоғары сыныптарға физиканы ағылшын тілінде түсіндіреді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мұғалім – мамандық, ұстаздық – адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз деген атқа қаншалықты лайық болған сайын, оның мәртебесі де соншалықты өсе түсері анық. Қашанда бәселестікке дайын болуды, орасан білім мен жан-жақты қабілеттілікті қажет ететін қазіргі заманда мұғалімге де қояр талап, артар жүк ауыр екенін әсте ұмытуға болмас. Жас болса да, бүгінгі уақыт үдесінен шыға білген, ұстаздар арасынан үздік танылған, «Алматының жыл мұғалімі» байқауының 1-орын иегері атанып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан көлік кілтін алған Дарын Сайыновпен Almaty.tv тілшісі тілдесіп қайтқан еді. 

Дарын Сайынов – Алматыдағы Ораз Жандосов атындағы №105 гимназияда физика және математика пәнінің мұғалімі. Алматы облысы Райымбек ауданы Жылысай ауылында дүниеге келген ол 4-5 жасында ата-анасымен Еңбекшіқазақ ауданы Шелек аулына көшіп келген. 1999-2010 жылдары №1 Х. Бижанов атындағы Шелек орта мектебінде білім алған. Кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Техникалық физика» мамандығына оқуға түседі. UIB университетінде 2 жыл магистратура оқыған. Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан №160 жалпы білім беретін мектепте 3 жыл қызмет еткен. Отбасын құрған, 2 ұлы бар. 


Дарынның айтуынша, мұғалім – зор білімді, мол мейірімді, оқушының бәрін тең көре білер әділдікті қажет ететін, жүрек қалауымен ғана келер айрықша мамандық. Ол өз еңбек жолына кездейсоқ келмегенін айтады.

«Біздің отбасымыз мұғалімдерден тұрады. Апам, інім, қарындасым, келіншегім, бәрі ұстаз болып қызмет етеді. Мен негізі, ата-әжемнің қолында өскенмін. Апам қазақ тілі және қазақ әдебиетінен орыс сыныбына сабақ береді. Інім дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Қарындасым да тарихтан сабақ берген, қазір басқа салада жұмыс істейді. Жарым тарих пәнінің оқытушысы», – дейді жас ұстаз.

Үш тілді жетік менгерген Дарын Сайынов әрқашан білімі мен біліктілігін, кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп жүреді екен. Одан бөлек, қаланың көрікті келбетін және қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосу үшін ерекше іспен айналысатынын да айтып өтті. 

«Мен елімізде ұстаздарға қатысты байқаулар болса, жиі қатысып тұрамын. Өзімнің білімім мен тәжірибемді әрқашан жетілдіріп жүремін. Дегенмен экологияға да қатты мән беремін. Бір құпиямды бөлісейін. Мен үйімде пластик бөтелке мен қағаз жинаймын.  Демалыс күні қағаздарды макулатураға, ал бөтелкелерді пластик қабылдайтын жерге апарып өткізіп тұрамын. Оны экологияға қосқан бір үлесім деп есептеймін. Мәселен, былтыр 10-сынып оқушыларымен сәуір айында экологиялық жоба жасадық. Ол жоба «сутекті отын» деп аталады. Аталмыш жобаны Shell халықаралық мұнай-газ компаниясы ұйымдастырған байқауға ұсындық. Бұл конкурсқа бүкіл республика бойынша оқушылар қатысты. Соның ішінен біздің мектептің оқушылары үздік үштікке лінді. Соның арқасында Shell компаниясы мектепке интерактивті тақта сыйлады», – дейді Дарын Сайынов.

Қазіргі  білім  беру саласындағы басты міндет – білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын жаңашыл мұғалімдерді даярлау. Осы міндеттерді өзіне бір қағида етіп алған ұстаз әр сабағын түсінікті және қызықты етіп өткізуге тырысады.

«Мен категория бойынша модератормын. Бір күнімнің 8 сағатын оқушыларға білім беруге арнаймын. Әр сабағымды қызықты етіп өткізуге тырысамын. Мысалы, UIB университетінде Нури Балта атты профессор сабақ берді. Ол өзінің мамандығын өте қатты жақсы көреді. Менің физиканы жақсы көруіме сол кісі себепкер болды десем болады. Ол күн сайын сабақ берудің жаңа әдісін іздеп тауып отыратын. Сол секілді, мен де екі жыл бұрын оқушыларға мені көргенде «Сәлеметсіз бе» деп амандаспай-ақ, физика формуласын айтып өтіңдер деп талап қойдым. Осыны әдістеме ретінде пайдаландық. Себебі мектепте күн сайын мың бала амандасып өтеді. Одан да соның орнына формула айтып өтсе, өзінің есінде жақсы сақталып қалады ғой. Мен, жалпы, әзілдеп, күліп жүргенді жақсы көремін. Әртүрлі мемдерді пайдаланып, сабақты қызықты етіп өткізуге тырысамын», – дейді ол.

«Жаһандану заманында үш тілді меңгерген білікті ұстаз ғана түрлі кедергіні жойып, тығырықтан шыға алады» деген Дарын Сайынов ағылшын тілін жетік меңгерген. Қазіргі таңда жоғары сыныптарға физиканы ағылшын тілінде түсіндіреді.  

«Менің өмірім магистратураға түскеннен кейін күрт өзгерді десем болады. UIB университетінде білім алдым. Ол жерде өте білікті профессорлар сабақ берді. Оқудың бәрі  ағылшын тілінде жүрді. Өзімнің дипломдық диссертациямды да ағылшын тіліде қорғадым. Қазір жоғары сыныптарға ағылшын тілінде сабақ беріп жүрмін», – дейді мұғалім. 

 

Ұстаздың айтуынша, қазіргі таңда оқытушылар өте шыдамдылық қажет. Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау дейді ол.

«Қазіргі таңда заман талабына сай пән мұғалімі ғана болу аздық етеді. Мұғалім – ұстаз, иноватор, иннотехник болуы тиіс. Мұғалім иннотехник дәрежесіне көтерілуі үшін инновациялық технологияларды меңгеруі тиіс. Сабақ ұстаздың көп  ізденуінен, көп еңбек етуінен туатын педагогикалық шығарма. Сабақ үстінде небір күрделі әрі түрлі жағдайлар кездесіп қалады. Шебер ұстаз соның бәріне төтеп беріп, ешқандай өреске әрекетке жол бермей, сабақ үрдісін түрлендіріп отыруы керек. Қазіргі таңда оқытушылар өте шыдамды болуы керек», – дейді ол.  

Новости партнеров