Тамыз кеңесі: Биыл білім беру саласы 4 бағыт бойынша жұмыс істейді – Б. Сағынтаев

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматылық мектептер жаңа оқу жылына сақадай-сай және оқушылардың бәрі 100 пайыз оқулықпен қамтылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық мектептер жаңа оқу жылына сақадай-сай және оқушылардың бәрі 100 пайыз оқулықпен қамтылған. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыздық форумында айтты.  Шаhар басшысының сөзінше, биыл білім беру саласы 4 бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, 2 су жаңа білім ошағы қолданысқа берілсе, тағы бірнеше мектепке жапсарлас ғимарат салынды. Ал оқушылар мен ұстаздарды компьютерлік техникамен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр? Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен толығырақ тарқатсын.

Алматыда оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында биыл су жаңа 2 мектеп қолданысқа берілді. Шаһар басшысы бой көтерген білім ошақтарын арнайы аралап көрді. Олардың санитариялық нормаларын тексерді. Ата-аналардың өтініші бойынша 1-2-сынып оқушылары биыл мектеп қабырғасында кезекші сыныптарда оқи алады. Шамамен 193 кезекші сынып ашылады деп күтілуде. Олардың 113-і бірінші сынып оқушыларына. Және онда тек білікті мамандар жұмыс істейтін болады.  

«Бірінші сынып оқушыларының ата-аналары жоғары оқу орындарының тәжірибесіз түлектері немесе соңғы курс студенттері сабақ береді екен деп алаңдаушылық білдіруде. Бұған жол берілмейді. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балалармен тәжірибелі мұғалімдер жұмыс жасайтын болады. Еш күдіктенбеңіздер. Білім басқармасына тиісті тапсырмалар беремін», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Биылғы тамыз кеңесі ерекше форматта өтті. Пандемияға байланысты жыл сайынғы жиынды шегеруге болмайды. Сондықтан бұл ауқымды шараны өткізуге «Алматы» телеарнасының барлық ұжымы бір жұдырық болып ат салысты. Арнаның жүргізушілерімен қатар, жарық қоюшылары, таспагерлері мен режиссерлары да өз үлесін қосты.  

Білім саласы мамандарының қатысуымен өткен дәстүрлі тамыздық форумда, сондай-а алматылық оқушылардың 100 пайыз оқулықпен қамтылған белгілі болды. Ол үшін бюджеттен 4 миллиард теңге жуық қаражат бөлінген. Бұл білім саласын дамытудың алғашқы бағыты. Екіншіден, ұстаздар мен оқушыларға 86 мыңнан астам компьютерлік техника беріледі. Үшінші бағыт – ғаламтор мәселесі. Шаһарда ғаламтор әлсіз ұстайтын 59 аймақ анықталды және ол жерлердегі интернет мәселесін шешу үшін арнайы антенналар орнатылды. Төртіншіден, егер мұғалімнің қашықтан білім беруге мүмкіндігі жоқ болса, мектеп қабырғасында отырып сабақ өткізе алады. Ол үшін білім беру мекемелерінде барлық санитариялық нормалар сақталуы қажет. Пандемия кезінде де білім саласы назардан тыс қалмады. Тіпті, өткен жылмен салыстырғанда бөлінген қаржы 30 миллиардқа артық. Одан өзге 100-ден астам алматылық ұстаз «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы аясында үйлі болмақ. Сондай-ақ, форум барысында бірқатар мұғалімдер мемлекеттік наградалармен, Құрмет грамоталарымен және төсбелгілерімен марапатталды. Алматыдағы №178 лицей орта арнайы білім берудің үздік мекемесі атанды.          

Одна өзге, онлайн білім беру мәселесін шешу үшін қалалық білім басқармасымен тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, қаланың 70-тен астам үздік мұғалімі телеарналарда көрсетілетін онлайн сабақтарды түсірді. Бүгінде 435 сабақ дайын. Түсірілім жұмыстары әлі де  жүріп жатыр. Бұл мәселе Алматыда қала әкімі және білім беру саласы мамандарының қатысумен өткен тамыздық кеңесте тыңғылықты талқыланды. Одан өзге, 15 мыңнан астам ұстаз цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы онлайн курстардан өтті.    

«Биыл 468 жас маман өз еңбек жолын бастады. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз. Себебі саналы ұрпақ тәрбилеу барлығымыздың міндетіміз. Жаңа оқу жылында «Шебер педагог – тәжірибені жаңарту» жобасы да қолға алынды. Бұл өз кезегінде методикалық сұрақтарға жауап беретін болады», – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Сондай-ақ, тамыз кеңесі барысында мектепке дейінгі мекемелер жайы да сөз болды. Келесі жылы Алматыда 13 жаңа балабақша іске қосылып, бірнеше ескі ғимарат жаңғыртылады деп жоспарлануда. Мұндай шаралар қосымша 13 мың орын құруға мүмкіндік береді және орын тапшылығын 70 пайызға төмендетпек.

Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы


Новости партнеров