Бүгінде қаладағы 8 мектептің төртеуінде директор әлі сайланбаған
Қарағанды облысының Саран қаласында мектеп директорлары жетіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Саран қаласындағы мектеп-лицейдің басшысыз жұмыс істеп жатқанына бір жылға таяған. Ал директордың міндетін уақытша атқаруға келгендер ай сайын ауысып, ұзақ тұрақтамайтын көрінеді. Бұл жағдай ата-аналардың ашуына тиіп, әбден мезі қылған. Олардың айтуынша, жағдай балалардың оқу үлгеріміне кері әсерін тигізеді.
«Екінші тоқсан аяқталып келеді, бізде әлі күнге бір де бір қосымша сабақ болған жоқ. Балалар оқудан кейін не үйірмеге қатыспайды. Оқушылармен ешқандай қоғамдық жұмыстарға қатыспайды. Балаларымыз бітіруші 9 сыныпта оқып жатыр. Мамандық таңдауға қатысты жұмыстар да жүргізілуі керек қой. Ол да жоқ», – деді ата-ана Татьяна Осыко.
Ата-аналар оқушылардың тәртібіне ешкім мән бермейді, білімі төмендеп кеткеніне алаңдайды. Бұрын түрлі олимпиададан жүлделі орындармен оралатын оқушылар бүгінде жарыстарға, тіпті қатыспайтын болған. Амалы құрыған ата-аналар балаларды репетитор жалдап оқытуға мәжбүр. Оның өзі қалтаны қағады.
«Бітіруші сыныптарда емтиханға дайындық жұмыстары мүлде жүріп жатқан жоқ. Платформада баға кеш қойылып жатыр. Бағаны 2-3 апта күтеміз. Соның кесірінен тоқсан соңында баланың білімі дұрыс бағаланбай қалады», – деді ата-ана Людмила Батулина.
Ал шенеуніктер жағдай ушығатындай соншалықты қиын емес екенін айтты. Өйткені басшыларды тағайындау процесі заң шеңберінде осылай жүзеге асады. Бүгінде қаладағы 8 мектептің төртеуінде директор әлі сайланбаған. Оның үстіне директор болғысы келетін үміткерлер арнайы тест тапсыруы керек.
«Резервте тұрған директорлар дайын болатын. Бірақ тест тапсырмалары қиындап кеткен болуы керек, конкурсқа өтініш бергендердің бәрі сынақтан өте алмады», – деді Саран қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев.
Ата-аналардың айтуынша, тәжірибелі мұғалімдер басшылық қызмет атқаруға аса құлшынбайды. Өйткені жалақысы аз. Ал директорлар керісінше, жұмысы аз, жалақысы жоғары қарапайым мұғалім болуды құп санайтын көрінеді. Дегенмен кадр тапшылығын шешу үшін тиісті министрлік басқарушы мамандарды аттестациялау тәртібін қайта қарауды қолға алмақ.
Назкен Еркін, Зинаида Роголевская, Сергей Евсеев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды облысы