Екі құрама бұған дейін үш мәрте шеберлік байқасты
Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында 28 қарашада H тобында екінші тур ойындары өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталған топтағы Оңтүстік Корея және Гана кездесуі елорда уақытымен 19:00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кездесу Эр-Райян қаласындағы 44 667 жанкүйерге арналған «Эдьюкейшн Сити» стадионында өткізіледі.
Бас төреші - англиялық Энтони Тейлор. Оған отандастары Гари Бесвик пен Адам Нанн көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - перулік Кевин Ортега.
Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. 2011 жылы өткен жолдастық кездесуде Оңтүстік Корея 2:1 есебімен жеңсе, 2014 жылы Гана құрамасы 4:0 есебімен басым түсті.
Бұл топтағы Португалия мен Уругвай кездесуі елорда уақытымен 1.00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кездесу Лусаил қаласындағы 88966 жанкүйерге арналған «Лусаил Айконик» стадионында өткізіледі. Бас төреші - ирандық Алиреза Фагани.
Екі құрама бұған дейін үш мәрте шеберлік байқасты. Құрамалар бір-бір мәртеден жеңіске жетсе, бір кездесу тең нәтижемен аяқталды.