Алматыда халықаралық робототехника олимпиадасының республикалық кезеңі басталды. Екі күн бойы еліміздің әр өңірінен жиналған 300-ге жуық оқушы 4 санатта бақ сынап, әлемдік кезеңге жолдама алуға таласады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлемдік робототехника олимпиадасының биылғы тақырыбы – «Жер-ана қамқоршылары». Экологиялық мәселелердің шешімін табуға тырысатын қатысушылар бұл жолы жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдерді ұсынуы тиіс. Қызылордалық жас робототехниктер тілсіз жаудың алдын алуға көмектесетін «Жалын» жобасын алып келген. Олардың айтуынша, идеяның туындауына соңғы жылдары орман өртінің көбеюі себеп болған.
– Сенсорлы құрылғыларымыз орманшылардың планшетіне деректерді уақытылы жіберіп отырады. Оны сервер мен телеграм-бот арқылы ала алады. Температура, ылғалдылық мөлшері, атмосфералық қысымды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазіргі жағдайды көрсетіп, сурет жіберіп отыратын наноспутник те қосылған. Келешекте өртті өзі өшіретіндей етіп, жобаны дамыта түсу жоспарда бар, – деді қатысушы Арайлым Әшірмет.
Биыл республикалық жарысқа келгендердің жартысынан көбі – жалпы білім беретін мектеп оқушылары. 2 санатта оқушылар арнайы аренада тапсырмаларды орындап, спорттық сайыстарға дербес түрде қатыса алатын роботтарды жинаса, «Болашақ инженерлер» санатында қатысушылар механика мен бағдарламалау бойынша терең білімді талап ететін инженерлік сынақтан өтеді. Future Innovators санатындағы өнертапқыштар адамдардың табиғатпен үйлесімді өмір сүруіне көмектесетін, жойқын табиғи құбылыстардан қорғай алатын, климаты қатал жерде тұруға жағдай жасайтын робот модельдерін әзірлейді.
– Жастар робототехниканы, информатиканы, бағдарлау және экологиялық мәселені қамти отырып, жұмысын жоба арқылы көрсетіп отыр. Қазылар алқасын бір жерден емес, жан-жақтан шақыртып отырмыз, – деді қалалық физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзов.
Республикалық байқаудың нәтижелері ертең белгілі болады. Үздік шыққандар олимпиаданың әлемдік кезеңіне жолдама алады.
Айта кетейік, ол Түркияның Измир қаласында 28-30 қараша аралығында өтеді деп жоспарланған.
Жансая Олжабек, Айдана Нұраш, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Конституция күніне орай қазақстандықтар қалай демалады