|
09.02.2022 | 19:57
811

107 мың адам тегін оқиды: колледжерге арналған квота саны артты

Биылғы оқу жылында алғаш рет әлеуметтік осал топ санатындағы балалардың колледжге түсуі үшін тағы үш квота енгізілді

107 мың адам тегін оқиды: колледжерге арналған квота саны артты Almaty.tv

Елімізде тегін техникалық білім алатын адам саны 10 мыңға артады. Сөйтіп биылғы оқу жылында колледждерде маман даярлауға берілетін мемлекет тапсырысы 107 мың адамға жетпек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың техникалық кадрлар әзірлеу тапсырмасына сәйкес Алматыда жұмысшы мамандықтары 60 пайызға көбейеді. Қалада қазір жаңа және қажетті кәсіптер бойынша өңірлік атлас әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Колледж табалдырығын енді ғана аттаған Жандос Райбеков өзі таңдаған кәсіпті игеруге мұқияттылықпен қарайды. Ол дәнекерлеуші мамандығының болашағы зор әрі жойылмайтын іс деп санайды.

«Бұл мамандықта жастар өте аз. Зәулім сарайлар салыну үшін осындай темірмен жұмыс істейтін адамдар қажет. Өзімнің қолымнан бір зат шығаруға өте қатты қызығамын. Мен осы мамандықты өзімнің кәсіби жұмысым ретінде ары қарай жалғастырамын», - деді Алматы құрылыс техникалық колледжінің 1-курс студенті Жандос Райбеков.

Бүгінде Жандос сияқты мұндай жұмысшы мамандықтарға қызығатын жастар көбейді дейді мұғалімдер. Өйткені бұл мамандарға сұраныс көп, табысы да көңілге қонымды.

Мысалы, сантехник мамандығын алайық. Бұл мамандық иесі жекелей жұмыс істейтін болса бір қызметі үшін, яғни сантехника құрылғыларын бір жерден екінші жерге ауыстырып бергені үшін кем дегенде, 5 мыңнан 10 мың теңге аралығында пайда таба алады екен. Ал егер компания арқылы жұмыс істейтін болса, онда айына 350-400 мың теңге айлық алады.

Мамандар осылай дейді. Алматы құрылыс техникалық колледжі құрылыс саласында таптырмайтын кадрлар әзірлейтін бірден-бір оқу орны. Мұнда ғимарат салу, монтаждау, дәнекерлеу, электрмен жабдықтау сияқты жеті бағытта білім беріледі. Жылда 350 бала білім алып шығады. Алматыда қазір жаңа және қажетті мамандықтар бойынша атлас әзірленіп жатыр. Соның аясында колледж алдағы оқу жылында балалардың санын 400-ге жеткізбек.

«Тағы да 50 бала, яғни 2 топ қосамыз деген ойымыз бар. Жаңа мамандықтар атласы бойынша бұрынғы ескі мамандықтарымыз қазіргі нарыққа сай келмейді. Сол үшін қазіргі жұмыс берушілердің сұранысына қарай мамандықтарды ауыстырып жатырмыз», - деді Алматы құрылыс техникалық колледжінің директоры Бектұрған Ахметов.

Колледж 2020 жылы «Жас маман» жобасы аясында толық техникалық жабдықтаудан өткен. Ендігі қалатын міндет тек сапалы кәсіптік кадрларды көптеп оқыту. Бүгінгі еңбек нарығына керегі де сол.

«Бүгінде заң, есеп және аудит, аударма ісі сияқты мамандары көп. Оларға қажеттілік жоқ. Ал инженер, ІТ-мамандары нарықта мүлде жетпейді. Өздерін осындай мамандықта ұсынатын адамдар тым аз, керісінше оларға сұраныс басым», - деді рекрутингтік компанияның өкілі Ольга Якупова.

Осы орайда жуырда ғана мемлекет басшысы техникалық мамандарды дайындауға тапсырма берген еді. Қала әкімі Ерболат Досаев та кеше ғана Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкімет отырысында техникалық мамандардың көбейетінін айтқан еді.

«Жаңа инвестициялық жобаларды жасауға және бизнес саласын дамыту үшін білікті мамандар тапшы. Сондықтан нарық талабын қанағаттандыру мақсатында техникалық білім беретін ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыстарды арттырамыз», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Биыл білім беру саласында 14 мың орынға мемлекеттік тапсырыс берілсе, соның 60 пайызы осы жұмысшы мамандықтарға басымдық берілмек. Атап айтсақ, «тігін өндірісі»,  «автомобиль көлігін жөндеу», «баспа ісі», «дәнекерлеу ісі», «ғимараттар мен құрылыстарды салу», «жиһаз өндірісі», «пошта байланысы», «бағдарламалық қамтамасыз ету» сияқты кадрлар көбейеді. Ал еліміздің білім және ғылым министрілгі техникалық білім алатын адам санын тағы 10 мыңға арттырмақ.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир