Елімізде студенттер тұратын хостелдерге талап күшейеді

05.12.2023 21:57

Оқу жылында ел бойынша 17 мың студентке тұрақжай жетпей қалған

Almaty.tv

Елімізде бұдан былай студенттер тұратын хостелдерге талап күшейеді. Ол бойынша енді нысан иелері кез келген білімгерді тұрақтауға қабылдай алмайды. Тек белгілі бір келісімі бар, рұқсат етілген оқу орнынан студенттерді қабылдауы шарт. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы өрт елдегі біраз оқу орнына сабақ болды. Министр елде жатахана жетіспеушілігі күйіп тұрғанын жасырмады. Оқу жылында ел бойынша 17 мың студентке тұрақжай жетпей қалған. Олқылықты жою үшін бүгінде 43 жатақхананың құрылысы басталған. Олар бітсе, 10 мыңнан астам студентті қамтуға қауқарлы.

– Жоғарғы оқу орындарымен 170-тен астам келісімшарт жасалған. Алматыда 85 хостелмен арнайы келісімшарт бар. Оларда 20 мың бала тұрып жатыр, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Енді жоғары оқу орындары студенттерді кемінде 70 пайыз жатақханамен қамтамасыз етуі керек. Ал бірінші курсқа қабылданған білімгерлерді қамту 100 пайыз міндеттеледі. Бұл шаруаны министрлік мемлекеттік органдармен келісіп іске асыруға кірісіпті. Үкіметтік жиында сондай-ақ мұғалімдердің де тапшылығы сөз болды. Қазір елде педагогтерге сұраныс жыл санап артып жатқан көрінеді. Бүгінде білім саласында 3000-нан астам ұстаз жетіспейді.

– Колледждерде мұғалімдер тапшы. Шамамен 5000 педагог жетпейді. Жыл сайын 50000-ға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда олардың көбі өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді. Мұның себебі әртүрлі. Дегенмен мұғалімдердің мәртебесін арттыру үшін, оның ішінде заңнамалық тұрғыда көп жұмыс атқарылды, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Ұстаздардың жетіспеушілігі 2024 жылы ұлғаюы мүмкін екен. Министрдің мәліметінше, қазіргі күні кадр тапшылығы мәселесі жан-жақты зерделеніп жатқан көрінеді. Бұл мақсатта жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық бағыттарға грант саны 16 мыңға дейін көбейген. Тиісінше, студенттердің шәкіртақысы шамамен үш есеге өскен. Министр алдағы 4 жылда бітіріп шығатын түлектер мұғалімдерге деген сұраныс азайтады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр