Түркістан облысында ағымдағы жылдың 4 айында 93 өтініш тіркеліп, тексерулер нәтижесінде 8 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Otyrar.kz-ге сілтеме жасап.
Білім заңнамаларын бұзғаны үшін 12 лауазымды тұлғаға нұсқама берілген. Сондай-ақ, екі мектептің лицензиясы уақытша тоқтатылып, 115 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бақытжан Мұхамеджанов мәлімдеді.
«Мемлекеттік бақылау шараларын орындау барысында жоспарға сәйкес, 2021 жылдың 1-жартыжылдығында профилактикалық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде 30 білім беру ұйымында кемшіліктер анықталып, нұсқамалар берілді. Бұдан өзге, департамент тарапыпынан ҚР-ның «Педагог мәртебесі туралы» заңының талаптарын бұзған үшін 2 лауазымды тұлғаға шара көрілді. Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес балалардың білім беру ұйымдарындағы сабаққа дұрыс қатысуын қамтамасыз етпегені үшін ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы шығып, 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынды», – деді Бақытжан Қалжанұлы.
Департамент тарапынан облыс аумағындағы мектептерде білім беру ұйымымен бекітілген педагогикалық әдеп бойынша кеңестің құрылмауы, педагог-зерттеушілердің, педагог-шеберлердің үлесі 35 %-дан кем болуы сынды деректер анықталған.