|
19.09.2023 | 17:00
553

Қазақстандық оқушылар эмоционалды интеллектіні дамытатын бағдарлама ойлап тапты

Елімізде 12 087 балада аутизм спектрі бар

Қазақстандық оқушылар эмоционалды интеллектіні дамытатын бағдарлама ойлап тапты Almaty.tv

Қазақстандық оқушылар аутизм спектрі бұзылған балаларда эмоционалды интеллектінің дамуына көмектесетін бағдарлама ойлап тапты. Дарынды жастар қолданбаны жасап шығуға жарты жыл уақыт жұмсаған. Бағдарлама  5-13 жас аралығындағы балаларға оң нәтижеге беріп жатқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалалық физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушылары әзірлеп шыққан бағдарлама 4 сауықтыру орталығында қолданысқа енген. Бағдарламаны қолдану үшін камераға қарап, экран бетінде көрсетілген эмоцияларды қайталау керек. Сәтті өткен жағдайда ғана келесі кезеңге өтесің. Бұл – қуану, мұңаю сынды адамның жан толғанысын ажырата алмайтын аутист балалар үшін таптырмас құрал.  

– Біздің тобымыздағы оқушы осындай мәселені көріп, оны шешу үшін ұсыныс жасады. Мектепте түрлі әлеуметтік жоба жасаймыз. Бірақ бағдарламаны жасау оңай болған жоқ. Түрлі орталыққа барып, түрлі экспертке көрсеттік. Осы салада жұмыс істейтін жандар бағдарламаны жоғары бағалады, – деді 12 сынып оқушысы Малика Гиззат.

Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ақпаратына сәйкес, былтыр елімізде 12 087 балада аутизм спектрі бар екені расталған. Ал эмоция білдіру – аутист балалар үшін өзекті мәселе. Оқушылардың жоба дайындаудағы тәлімгері, физика пәнінің оқытушысы Дэниел Комбер-Тодд дарынды балалармен алты ай бірлесе жұмыс істеп, бағыт-бағдар беріпті.

– Оқушылар жоба туралы алғаш айтқанда оны жүзеге асыру өте қиын деп ойладым. Олар бұл мақсатқа жету үшін көп жұмыс істеді. Нәтижесі күткенімнен асып түсті. Балалардың еңбекқорлығы маңызды рөл ойнады. Олар адамдарға қажетті және пайдалы бағдарлама жасап шыққаны сөзсіз. Мен балаларға ересек адамның көзқарасын ұсынып, бағдарламаны таныстыруға көмектестім, – деді физика пәнінің оқытушысы Дэниел Комбер-Тодд.

Үш деңгейден тұратын қосымша қазақ, орыс тілінде қолжетімді.  Оқушылар алдағы уақытта емдеу орталықтары үшін диагностикалық мүмкіндіктерді қосып, қолданбаны дамытуға ниетті.

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде жалпы білім беретін мектептерге қабылдау ережесі өзгереді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир