Мектепке дейінгі ұйымдар лицензиямен ғана жұмыс істеу керек. Аталған мәселе «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиынға қатысқандар жекеменшік балабақшалардың қаптап кеткенін, алайда онда материалдық-техникалық база ешбір талапқа сай келмейтінін айтты. Тіпті гигиена ережелері, сондай-ақ қауіпсіздік стандарттары сақталмайтынын алға тартты.
«Бізде кез келген адам, кез келген жерден, кез келген уақытта балабақша аша береді. Оның мемлекеттік орган немесе қандай да бір құзырлы орган бақыламайды екен. Балалардың тағдыры не болып жатыр? Бұл жерде әрине бақылау керек», – деді «Қара шаңырақ» РҚБ төрағасы Баян Ахатай.
Бұдан бөлек, қоғамдық ұйымдардың басшылары жекеменшік балабақшаларды қаржыландыруда әділетсіздік барын айтты.
Айта кету керек, қазір елімізде 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда шамамен 1 млн бала тәрбиеленіп жатыр.
«10 жыл ішінде бассейні, жуынатын, жатын бөлмелері бар, балалар үшін барлық қолайлы жағдайды жасағандар - жертөледе немесе пәтерде шағын орталық ашқандармен тең қаражат алады. Ал рұқсат беру құжаттарының тізімінде тек санитарлық анықтама мен балабақшаның жұмыс істеп жатқанын растайтын хабарлама болса жеткілікті. Бұл – әділетсіздік», – деді «Әділет» республикалық орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының төрайымы Динара Құдайқұлова.