Алматыда қаланы дамытуға арналған бірінші хакатонға өтінімдерді қабылдау басталды. Қатысуға ниет білдіргендер жекелей немесе командалық есепте өтінімді Алматы қаласын дамыту орталығына жібере алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
SmartCity Challenge хакатонының жеңімпаздарына берілетін жүлде қоры үш миллион теңге. Ал, барлық үміткерлер өздерінің жобаларын қала басшылығы алдында таныстыруға мүмкіндік алады.
«Хакатон нәтижесі бойынша қатысушылар жаңа шешімдер мен тәсілдерді тауып, қалалық проблемаларды шешуге цифрлық қызметтердің өміршең прототиптерін ұсына алады деп үміттенеміз. Хакатонның қатысушыларына түгел сертификат беріледі. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болады: 1-орын – 1,5 миллион теңге, 2-орын – 1 миллион теңге және 3-орын жеңімпазы 500 мың теңге алады», – деді «Алматы қаласы дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Олег СЕК.