Бірінші қарашада "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022" республикалық байқауы басталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2022» республикалық байқауына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 1 қарашадан басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады. Конкурс жеңімпаздары 6 миллион теңгеден астам сыйақы алады.
Байқауға жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары қатыса алады. Олардың үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі (кемінде 5 жыл), оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері болуы тиіс.
Байқаудың мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және жоғары оқу орындары оқытушыларын кәсіби тұрғыда одан әрі дамуға ынталандыру болып табылады.
Конкурс 2 кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, алдымен жоғары оқу орнының ішінде, кейін республикалық деңгейде өтеді. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар ақпараттық жүйе арқылы электрондық форматта қабылданады. Бұл конкурстың ашық өтуін қамтамасыз етеді.
«Жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамынан тұратын сарапшылар тобы үміткердің сандық және сапалық көрсеткіштерін екі бағыт – оқыту сапасы және ғылыми-зерттеу қызметі бойынша бағалайды. Сараптау тобының қорытындысы негізінде жоо комиссиясы конкурсқа қатысушылардың екінші республикалық кезеңге қатысуы туралы шешім шығарады. Республикалық деңгейде құрылған комиссия құрамына үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ, студенттік және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері мен сарапшылар енгізілді», – деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Айта кетейік, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпаздары ақшалай ынталандырумен қатар төсбелгіге де ие болады.