Қазақстандағы жаңа оқу жылы: ЖОО студенттері қалай оқиды

30.08.2020 22:21

Бакалавр студенттері 1 қыркүйектен бастап оқиды

Фото: КазНУ

ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылында бакалавр студенттерінің қалай оқитынын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

БАКАЛАВРИАТ. 1 КУРС

Күзгі семестр қашықтан ұйымдастырылады және 1 қыркүйектен басталады. Бұл күні барлық шаралар онлайн режимде өтеді. 1 курс студенттеріне ЖОО саясатымен және қашықтан оқыту форматымен танысу үшін 24 тамыздан бастап онлайн режимде апталық өтеді. Шалғай және интернеті жоқ өңірлерден келген және оқу құралы (ноутбук және т.б.) жоқ білім алушылар корпусқа бармай-ақ онлайн оқытуды қамтамасыз ететін компьютерлік техникасы бар жатақханаларда тұруға болады.

БАКАЛАВРИАТ. 2-4 КУРС

2-4 курс студенттеріне оқу 1 қыркүйекте басталады. 20 тамыздан бастап ЖОО-лар өз студенттерімен онлайн кездесулер өткізеді. Педагогикалық, гуманитарлық, әлеуметтік және IT-бағыттар бойынша оқуды толық қашықтықтан оқыту форматына көшіру ұсынылады. Ал жаратылыстану ғылымдары, техникалық, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және өнер бағыттары бойынша аралас оқыту форматы көзделген. Дәрістер мен семинарлар онлайн форматта, зертханалық, практикалық және студиялық сабақтар – кампус аумағында өтеді, бірақ қазан айынан кейін басталады. Офлайн режимде өтетін пәндер туралы ақпарат алу үшін студенттер жоғары оқу орындарына жүгінуі керек. Шалғай және интернеті жоқ өңірлерден келген және оқу құралы (ноутбук және т.б.) жоқ студенттер корпусқа бармай-ақ онлайн оқытуды қамтамасыз ететін компьютерлік техникасы бар жатақханаларда тұра алады.

МАГИСТРАТУРА

Магистранттарды 14 қыркүйекте қашықтан оқыту басталады. 31 тамызда кешенді тестілеу аяқталады; 5 қыркүйекке дейін грантқа өтініштер қабылданады; 7 қыркүйекте гранттар тағайындау бойынша конкурс нәтижелерін жариялау жоспарланған; 8 қыркүйектен бастап әкімдіктер гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа құжат қабылдау басталады; 11 қыркүйекте ЖОО-ға қабылдау үшін өтініш беру аяқталады. 2 курс магистранттары үшін зерттеу жұмысы қашықтан ұйымдастырылады. Бұл ретте қажет болған жағдайда магистранттардың өтінішімен ғылыми-зерттеу жұмысын зертханаларда жүргізуге болады. Зертханалық және практикалық сабақтар жеке кесте бойынша әлеуметтік қашықтық пен күшейтілген санитарлық шараларды сақтай отырып жүргізіледі. Бұл кестені нақтылау үшін магистранттар өз ЖОО-ларына жүгінуі қажет.

ДОКТОРАНТУРА

Докторанттарды қашықтан оқыту 1 қыркүйекте бастайды. 1 курс докторанттары үшін оқыту қашықтан жүргізіледі. Ал 2-3 курс докторанттары үшін зерттеу жұмысы қашықтан ұйымдастырылады. Бұл ретте, қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу жұмысы докторанттардың өтінішімен зертханаларда ұйымдастырылады. Зертханалық және практикалық сабақтар жеке кесте бойынша әлеуметтік қашықтық пен күшейтілген санитарлық шараларды сақтай отырып жүргізіледі. Осы кестені нақтылау үшін докторанттар өз ЖОО-ларына жүгінуі қажет.

ИНТЕРНАТУРА МЕН РЕЗИДЕНТУРА

Интернатура мен резидентурадағы оқу күндізгі және қашықтан оқыту форматында жүргізіледі.