Дәурен Абаев оқушылардың «Балапан» және «Еларна» телеарналарына қосымша сабақ алатынын атап өтті
2020 жылдың 6 сәуірінен бастап қазақстандық мектептер қашықтан оқытуға көшеді. Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыру жағын қарастырып жатыр. Бұл туралы барлық ақпаратты жақын уақытта хабарлаймыз. Сондықтан түсіністік танытып, ресми мәлімдемені күтуді сұраймыз. Қазір мектептер мен мұғалімдерді сұрақтың астына алып, айыптаудың реті жоқ. Бұл мәселе үкіметтің құзіретінде. Біз барлығын алдына ала хабарлаймыз.
«Еларна» мен «Балапан» телеарналарынан оқушыларға арналған видео сабақтар көрсетіледі. Алайда, бұл негізгі емес, қосымша шара. Алған видео сабақтарды Білім және ғылым министрлігі дайындаған. Олар «Балапан» телеарнасында қазақ тілінде, «Еларнада» орыс тілінде көрсетіледі», - деді министр ОКҚ-да өткен брифингте.
Айта кетейік, коронавирус таралуының алдын алу мақсатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елімізде төтенше жағдай, сонымен қатар, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізілген болатын.
Қазіргі таңда еліміз бойынша коронавирус жұқтырған 62 науқас тіркеліп отыр. Олардың ішінде, Нұр-Сұлтан қаласында – 32 адам, Алматы қаласында – 26 адам, Қарағанды қаласында - 2, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам бар.